Қарағанды фармацевтикалық зауыты «Спутник V» вакцинасын өндіру қуатын 600 мың дозаға дейін жеткізуді жоспарлап отыр. Кешен бұған дейін 208 мың доза өндіріп, пайдалануға жіберген болатын. Бүгінгі таңда кәсіпорын GMP халықаралық стандартына сәйкес биотехнологиялық препараттар өндірісіне маманданған еліміздегі алғашқы және әзірше жалғыз фармацевтикалық кәсіпорын. Зауытқа арнайы барған Almaty.tv тілшісі Асылбек Тойбек толығырақ тарқатады.
Қарағанды фармацевтикалық кешенінде санитарлық талап қатаң сақталады. Бөгде адамдарға себепсіз кіруге рұқсат жоқ. Алайда біздің түсірілім тобымызға вакцина өндірісімен танысуға мүмкіндік берілді. Елімізде коронавирустың қауіп-қатерін азайтып, эпидемиологиялық жағдайды жақсартуға сеп болатын отандық екпе өндірісінің қуаты артқан. Бірінші партиямен 90 мың доза пайдалануға жіберілген еді.
«Алдағы айда бірінші және екінші компонент бойынша 600 мың доза өндіруді жоспарлап отырмыз. Бүгінгі күні ҚФК вакцинаның 150 мың дозасын өндірді, бұл партияны жеткізу 2021 жылдың 7 сәуіріне дейін жүзеге асырылады. Сондай-ақ, сәуір айында вакцина өндіру көлемі 1 млн дозаға дейін ұлғайтылады. Ал шілде айына дейін өндіріс қуатын 2 миллион дозаға дейін жеткізуді мақсат еттік», – Қарағанды фармацевтикалық кешенінің өндіріс бойынша директоры Владимир Фольмер.
Цехта вакцинаның сыртқы қаптамасы жасалады. Екпе өндірісі іске қосылғаннан кейін жұмысқа қосымша мамандар алуға тура келген. Бұл препарат 21 градустан төмен температурада сақталуы тиіс. Сондықтан вакцинаны қаптау адам күшімен жүзеге асады. Жалпы кешенде 200-ден астам адам еңбек етсе, соның қырыққа жуығы вакцина өндірісіне жұмылдырылған.
«Бұл вакцина вирусқа қарсы күресте тимділігін көрсетті. Жанама әсері өте аз. Біздің қызметкерлеріміздің 50 пайызы екпе салдырды. Оның ішінде өзім де бармын. Вакцина барлық зерттеулерден өткен. Сондықтан оның сапасына еш күмән болмауы тиіс», – деді Қарағанды фармацевтикалық кешенінің өндіріс бойынша директоры Владимир Фольмер.
Кешен басшылығының сөзінше, вакцина өндірісі кәсіпорынға көп табыс әкелмейді. Өйткені сату бағасы тек өндірістік шығындарды жабады екен. Алайда, екпені өндірудің басты мақсаты коммерциялық пайда табу емес, халықтың саулығын қамтамасыз ету дейді. Айта кетейік, мұнда онкология, гемофилия, гепатит, қант диабеті және өзге де ауыр әлеуметтік маңызды ауруларды емдеуге арналған заманауи препараттар да шығарылады. Нақты айтқанда дәрілік заттардың 60 атауы өндіріледі. Барлық қажетті инфрақұрылымы бар. Жетекші әлемдік өндірушілердің технологиялық және зертханалық жабдықтарымен жарақтандырылған.