Бүгін өңірлік коммуникациялар қызметінің онлайн-брифингі барысында Алматы қаласы Әуезов ауданының әкімі Сайран Сайфеденов мегаполис тұрғындарын коронавирусқа қарсы екпе жасауға шақырды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Оның үстіне, қазіргі уақытта бұл үшін барлық жағдай жасалған.
Сайран Сайфеденов вакцинация арқылы инфекциядан қорғану қажеттілігін атап өтті, сонымен қатар, бетперде режимін сақтаудың, қолды дезинфекциялаудың және байланыстарды шектеудің маңыздылығын еске салды. Әсіресе, ол егде жастағы азаматтар COVID-19 вакцинациясы туралы ойлануы керек деп атап өтті. Бүгінгі күні Әуезов ауданында 140 мың адам вакцинацияға жатады.
Айта кетейік, Әуезов ауданында вакцинациялауға жауапты 9 медициналық ұйым бар, 22 егу пункті ашылды (емханаларда, сауда орталықтарында, мектептерде, жекеменшік медициналық клиникаларда).
Күн сайын сағат 8.00-ден 20.00-ге дейін «Moskva Metropolitan», «Grand Park», «Asia Park», «Almaty Mall», «Sputnik Mall» ірі сауда, ойын-сауық орталықтарында вакцинация жүргізіледі. Сонымен қатар, Әуезов ауданында еңбек ұжымдарына қолайлы болуы үшін вакцинацияны ұйымдастыру 10 ірі өнеркәсіптік кәсіпорын базасында өтті.
«Бүгінде бүкіл әлем вакциналау біздің бәрімізге үйреншікті өмірге карантинсіз оралуға, экономиканы тұрақтандыруға, балаларды балабақшалар мен мектептерге, студенттерді дәріс залдарына қайтаруға және жалпы жақындарымызбен, әріптестерімізбен, достарымызбен қауіпсіз қарым-қатынасқа оралуға мүмкіндік беретінін түсінді», – деп қорытындылады Әуезов ауданының әкімі.