Қазақстанда қайта вакциналау қашан және қалай жүргізіледі – министр жауабы

14.10.2021 00:48

Ревакциналаудан кейін иммунитет 3 аптадан соң қалыптасады

Фото: gazeta.ru

Елімізде халықты ревакциналау қараша айының соңында басталады. Бұл туралы Республикалық коронавирустың таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысында белгілі болды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.  

Небәрі бір жарым айдан соң екпенің толық курсынан өткендер қайта вакциналанып, иммундық жүйесін нығайта алады. Бірақ соңғы компоненттен кейін кемінде 6 ай немесе 9 ай өтуі қажет.

Маңыздысы – бастапқыда егілген екпені қайталап салдырмаса да болады. Яғни, таңдау әркімнің еншісіне беріледі. Тек дәрігерлер бұған дейін «Спутник V» вакцинасын алғандарға 9 ай өткен соң, инактивтендірілген екпені алуға кеңес береді. Ал белсенділігі жойылған вакцина салғызғандар керісінше, 6 айдан кейін векторлық «Спутник V» вакцинасын алғаны дұрыс. Ал Pfizer ектіргендер екпенің кез келгенін салдыра алады.

Айта кету керек, ревакциналаудан бұрынғы алгоритм бойынша жүрмек. Алдымен дәрігерлер, мұғалімдер мен полицейлер, кейін 60 жастан асқан қариялар егіледі.

Ревакциналау ережесі:

- Векторлық (Спутник) вакцина алған жандар 9 айдан кейін инактивацияланған (Sinopharm, CoronaVac, Hayat-Vax, QazCovid-in) немесе м-РНҚ вакцинасымен (Pfizer) ревакцинацияланады;

- Инактивацияланған (Sinopharm, CoronaVac, Hayat-Vax, QazCovid-in) вакцина алған жандар векторлық (Спутник) немесе м-РНҚ вакцинасымен (Pfizer) 6 айдан кейін ревакцинацияланады;

- М-РНК вакцинасымен (Pfizer) екпе алған жандар 6 айдан кейін белсенділігі жойылған (Sinopharm, CoronaVac, Hayat-Vax, QazCovid-in) немесе векторлық (Спутник) вакцинамен ревакцинацияланады;

- Толық вакцина алғаннан кейін КВИ-ге шалдығып сауыққаннан кейін 3 айдан соң қайта вакцина алуына болады. 

Еліміз осылай, ревакциналауға дайындалып жатқанда, көрші елдерде бұл үрдіс басталып кеткен. Мәселен, эпидемиологиялық жағдайы нашарлап кеткен Ресейде екінші мәрте егу қарқынды жүріп жатыр. Онда 2 миллионнан аса халық қайта вакцина алып үлгеріпті. Емханалары мен егу пункттері адамдарға лық толы. Ал дәрігерлер оның адам денсаулығына зияны жоқ екенін айтуда. Ең қызығы, бұл жолы да екпенің әсері тура алдыңғысымен бірдей болады екен. Сондықтан қорықпай денсаулығыңызды ойлаған абзал. Новосибирсктегі әріптесіміз де екінші мәрте екпе салғызған еді. Хабарласып, хал-жағдайын білдік. Айтуынша, ревакциналаудан кейін иммунитет 3 аптадан соң қалыптасады. Сол себепті 3 аптаға дейін қоғамдық орындарға барудан бас тартқан жөн.

«Мен ревакциналауға барғанда, кезекте жастардан бастап, қарияларға дейін отырды. Ал дәрігерлер вакцинаның бірнеше түрін ұсынды. Яғни, «Спутник V» вакцинасынан бөлек, «СпутникЛайт», «Пиваккорона» секілді векторлы вакциналарды салғызуға болады екен. Мен «Спутник V» екпесінің екі компонентін де алғандықтан, қайтадан осы вакцинаны таңдадым. Қазір өзімді жақсы сезінемін», – деді журналист (Ресей) Яна Янушкевич.

Түркия мемлекетінде де егу науқаны жалғасып жатыр. Алайда, онда қазіргі эпидахуал мәз емес. Соңғы тәулікте вирус жұқтырудың 30 мың жағдайы тіркеліп отыр. Түркия билігінің мәлімдеуінше, бұл өте жоғары көрсеткіш. Соңғы рет вирустың өршуі сәуір айында болған. Бірақ карантин шаралары бірден қатаңдатылып, жағдай әрең тұрақталған еді. Қазір қоғамдық орындар қайта ашылып, туристер қатары көбейе сала, қайтадан науқастар саны күрт өсіп отыр. Бұған жергілікті тұрғындардың көңілі толмайтын көрінеді.  

«Бізде шектеу шаралары жеңілдетілгендіктен, екпе алмаған адамдар қалаған жеріне барып жүре береді. Тек кіреберістерде арнайы қосымша арқылы кодты сканерлеп, ауырып жүрмегеніңді көрсетсең болды. Ал вакцина алғанды дәлелдейтін құжат еш жерде талап етілмейді. Бірақ дәл сол азаматтар вирус тасымалдаушысы болуы мүмкін ғой. Осы себептен де, жұғу жағдайы Түркияда көбейіп кетті. Адамдар сипмтомсыз ауырып қалғанын білмейді, салдарынан басқаларға жұқтырып жатыр. Бірақ билік алдағы уақытта қоғамдық орындарға тек екпе паспортымен кіруге рұқсат беруді жоспарлап отыр», – деді Стамбул қаласының тұрғыны Ксения Чалишир.     

Ал елімізде эпидемиологиялық жағдай әзірге тұрақты. Соңғы екі тәулікте вирус жұқтырғандар саны 1700 адамнан асқан жоқ. Екпенің екі компонентін алғандар саны 7 милиионға жуықтады.

Аяулым Көлжігіт, «Алматы» телеарнасы