Екі бірдей науқанға қатысып, сыйлық ұтып ал – Алматыда ерекше акция басталды

Almaty.tv
Almaty.tv
Медеу ауданының әкімдігі ұйымдастырған акция 3 күнге созылады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Екі бірдей науқанға қатысып, сыйлық ұтып ал. Алматыдағы көк базар маңында екпе алғандар мен санақтан өткен тұрғындар арасында тұрмыстық техника, ыдыс-аяқ ойнатылып жатыр. Медеу ауданының әкімдігі ұйымдастырған акция 3 күнге созылады. Егемендіктің 30 жылдығына байланысты ұтыс ойындарына тәуелсіздік құрдастары, айдың 30-шы жұлдызында туған алматылықтар да қатыса алады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Медеу ауданында халық санағына дайындық қызу жүріп жатыр. Аймақта санақтан онлайн өтуге мүмкіндігі жоқ тұрғындар үшін арнайы 16 орын дайындалған. Ондағы кеңесшілер sanaq.gov.kz порталында тіркеліп, сұрақтарға жауап беруге көмектеседі. Осы уақытқа дейін жалпы 45 мыңға жуық медеулік тұрғын санақтан онлайн өтіпті.

«Онлайн санақтан өте алмайтын зейнеткерлеріміз бар. Ұялы телефонды пайдалана алмайтын, оған мүмкіндігі жоқ тұрғындар болса, осындай 16 пунктке келіп, онлайн санақтан өте алады, оған бар жағдайды жасап отырмыз», – деді Медеу ауданы әкімінің орынбасары Айдос Нұрлыбаев.

Көк базар маңында өтіп жатқан ұтыс ойындарына ыдыс-аяқ, фен, сағат, электрлі шәйнек сынды бағалы сыйлықтар тігілді. Бұл жолы сауда орнына азық-түлік сатып алуға келген Тамара Рахымованың жолы болды. Бүгін онлайн санақтан өтудің сәті түсіп, қазанды қанжығасына байлады.

«Қазан ұтып алдым. Құрметті тұрғындар, халық санағы бойынша осы базар аумағына келіп, тіркелсеңіздер болады. Ойын әділ түрде өтті. Көп рахмет айтамын», – деді қала тұрғыны Тамара Рахымова.

«Бүгін базарға ұлыма кітап сатып алуға келдім. Осындай ұтыс ұйымдастырылғанын көріп, отбасымызбен санақтан өттік. Ұялы телефонға келген хабарламаны көрсетіп, лотереяға қатыстық. Екі рет айналдырып, осындай жүлдені жеңіп алдым», – деді қала тұрғыны Сәуле Әділова.

Мұнда сондай-ақ, екпе алғандар арасында да ойын өткізілді. Қаншама қазақстандықтың өмірін қиған коронавирусты жеңудің жолы вакцина екенін тек дәрігерлер ғана емес, еліміздің өнер қайраткерлері де айтып жатыр.

«Бұл өте қажет нәрсе. Себебі, індеттің бір күні тосыннан келіп, есеңгіретіп тастау мүмкінідігі жоғары. Аты жаман ауру талайдың өмірін жалмады. Сондықтан барлық отандасымызды екпе алуға шақырамын. Үрейленіп, сенбеудің мүлдем қажеті жоқ», - деді Қазақ КСР халық әртісі Лаки Кесоглу.

Бүгінде 5 миллион қазақстандық санақтан өткені жайлы хабарлама алған. Яғни, жалпы ел халқының  26,3 пайызы санақ сауалдарына жауап берді.

Сымбат Ноғай, Мейрам Исабеков, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров