Алматының Жетісу ауданында 13 мектеп модернизациядан өтті

Алматының Жетісу ауданында 13 мектеп модернизациядан өтті
Алдағы уақытта ауданда коворкинг орталықтары ашылып, қолданысқа берілмек
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматының Жетісу ауданында 13 мектеп модернизациядан өтті. «Жан басына шаққандағы қаржыландыру» жобасы бойынша жаңартылған оқу ордалары заманауи соңғы үлгідегі құралдармен жабдықталған. Алдағы уақытта ауданда коворкинг орталықтары ашылып, қолданысқа берілмек, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Модернизациядан өткен оқу ордаларының бірі №87 мектеп. Мұнда 1 800-ге жуық бала білім алады. Мектепті заманауи үлгіге келтіру мақсатында жан басына шаққандағы қаржыландыру жобасы бойынша 27 миллион теңге бөлініп, қаражат толықтай жаңарту жұмыстарына жұмсалған. Нәтижесінде, бірнеше сынып пен дәліз, сондай-ақ кітапхана жаңа келбетке ие болып, IT саласын дамытуға бағытталған арнайы робототехника кабинеті ашылды.    

«Менің ендігі мақсатым – инклюзия кабинетін жаңарту. Одан кейін хореография кабинеті мен асхананы жаңартқым келеді», – деді қалалық №87 жалпы білім беретін мектептің директоры Ұлар Мылтықбаева.

Сондай-ақ, мектеп кітапханасы интернетке қосылған. Мұнда кез келген уақытта кіріп, қалаған ақпаратыңызды іздей аласыз. Тіпті, кітапты да еркін форматта оқуға болады.

Одан бөлек, Құлагер шағын ауданында орналасқан №148 мектепте де жаңарту жұмыстары жүргізілген. Директор дәліздегі бос орындарды көріктендіру үшін 8 миллион теңге бөлінгенін айтады. Ал оқушылардың үзілістегі уақытын тиімді өткізіп, сергек жүрулері үшін шахмат, тоғызқұмалақ ойнайтын арнайы орындар салынған.  

Мамандардың айтуынша, мұндай креативті идеялар балалардың білімге және кітап оқуға деген құштарлығын оятады.

«Білім және ғылым министрі Асхат Аймағатбетовтің тапсырмасы бойынша биылғы жылы «Оқуға құштар мектеп» жобасы іске қосылды. Осы жоба бойынша коворкинг орталықтар бізде жабдықталып жатыр. Аудан бойынша 7 мектепте жаңа заманауи талапқа сай кітапхана жабдықталды. Және 3 асхана жаңа жобаға қосылды», – деді Жетісу аудандық білім бөлімінің басшысы Салтанат Құсайынова.

Айта кетейік, бүгінде Жетісу ауданында 21 мемлекеттік және 1 жекеменшік мектеп бар. Жергілікті білім беру ұйымы басшыларының ендігі мақсаты – 2022 жылға дейін аудандағы барлық оқу ордаларын кез-кезеңімен жаңарту.

Мерей Қанапиянов, Жасұлан Өмірзақов, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров