Алайда асқынған ауруы немесе аллергиясы барларға вакцина алу қауіпті
«Вакцина алған адамның генетикасы өзгеріп, әйел адамдарды бедеулікке алып келеді». Әлеуметтік желіде тараған осындай ақпараттар елдің вакцина алуына кері әсерін тигізіп жатыр дейді мамандар. Ал, расымен де, әлемді дүрліктірген COVID-19 вирусына қарсы екпелердің кері әсері бар ма? Мамандар пікірін тыңдаған Almaty.tv тілшісі Аяулым Көлжігіттің сюжетінде.
Бүгінде әлемде халықты вакциналау жаңа деңгейде өтіп жатыр. Яғни, дамыған мемлекеттер 12 жастағы балаларды да егіп бастаған. Десе де вакцинаның кері әсері туралы ақпарлар көптің күдігін туғызуда.
«Егер адам коронавируспен ауырып қалса, оған бүкіл вирус кіреді. Яғни, вирустың генетикасы кіреді: оның ішінде 20-дан астам ақуыз бар, өзінің ядросы бар, оның ішінде өзінің генетикасы болады. Енді осының бәрі кіргенде адам баласының генетикасы өзгермейді. Өзі вирулентный вирус кіргенде генетика өзгермесе, мына вакцинадан генетика өзгермейді», – деді Еуропадағы қазақ дәрігерлер қауымдастығының жетекшісі Серік Тұрсын.
Дәл осындай жалған ақпарлардың бірі – COVID-19 вакцинасы жүктілікті жоспарлауға кедергі келтіреді. Мұндай мәліметті де ғалымдар жоққа шығарды. Қазір, Америка, Ұлыбритания елінде аяғы ауыр әйелдерге екпе жасалып жатыр.
«Иммунология жағынан қарайтын болсақ, мына бүкіл иммуноглобуллин «G» бүкіл плацентадан өтіп, болашақ нәрестеге беріледі. Ол антидене бала туғанда ауруға қарсы күреседі. Мысалы, аяғы ауыр адам коронавируспен ауырып қалды, нәрестесін туды. Осы нәресте анасынан антиденені алады. Енді 6 ай ол бала ауырмайды», – деді Еуропадағы қазақ дәрігерлер қауымдастығының жетекшісі Серік Тұрсын.
Сондай-ақ, балаға антидене ана сүті арқылы да беріледі екен. Яғни, 2 жыл ойы балада иммунитет қалыптасады. Отандық дәрігерлер де бұл мәселені құптап отыр.
«2 дозадан кейін, 1 айдан соң жүктілікті жоспарлауға болады деген тұжырымға ғалымдар келіп жатыр. Сондықтан бұл мәселеден қорықпау керек. Тіптен вакцина алғаннан кейін көтеріп қалған әйелдер бар. Барып баланы алдырып тастамауы керек. Түсік жасауға болмайды», – деді ЭкоМед адам репродукциясы клиникалары желісінің ғылыми директоры Салтанат Байқошқарова.
Алайда асқынған ауруы немесе аллергиясы барларға вакцина алу қауіпті. Егер аллергиясы бола тұра, екпе алуға бел буса, алдын ала дәрігердің кеңесін алу керек.
«Қазіргі шығып жатқан вакцинаның құрамындағы заттарға аллергия болуы мүмкін. Оны біз білмейміз. Өйткені дәрі жаңадан шыққан. Екінші екпеге 1 сағат бұрын 1 антигистамин таблетка ішіп алу қажет. Сонда ол «масцем» дейтін, орысша айтқанда «тученый» клетка дейді, онда реакция болмайды. Ол гистаминді тоқтатады. Себебі бірінші рет салғанда, иммуноглобуллин «Е» пайда болады. Иммуноглобуллин «Е» деген анафилактикалық шокты шығаратын антидене», – деді Еуропадағы қазақ дәрігерлер қауымдастығының жетекшісі Серік Тұрсын.
Ал, асқынулары жоқ азаматтарда дене қызуы көтерілсе, парацетамол немесе ибупрофен қабылдау керек дейді дәрігерлер. Бірақ жүрек айнып, құсу немесе қан қысымының түсіп кетуі – қауіпті құбылыс. Бұл жағдайда уақыт жоғалтпай, бірден жедел жәрдем шақыртқан абзал екен.
Аяулым Көлжігіт, «Алматы» телеарнасы