Алматыдағы вакцинациялау пункттері мереке күндері де жұмысын тоқтатпайды. Яғни, 7-10 мамыр аралығында әдеттегі режимде жұмыс істейді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Екпе алуға ниетті алматылық қаладағы 211 егу пунктінің кез-келгеніне барып вакцина салдыра алады. Сондай-ақ, қала бойынша сауда орталықтары мен мұражайларда, тіпті базарларда ашылып жатқан вакцинациялау бекеттері көбеюде. Мәселен, осы аптада Төле би және Әуезов көшелерінің қиылысында екпе алатын жаңа пункт өз жұмысын бастады.
Мереке күндеріне қарамастан алматылықтарды вакцинациялау жұмыстары қарқынды түрде жалғасуда. Егу бекеттерінде екпе алуға ниеттілерге вакцинаның 3 түрі: отандық «QazVac», ресейлік «Спутник V» және «Hayat Vax» ұсынылады. Қай екпені алам десе де тұрғынның өз таңдауы.
Вакцинациялау пунктілеріндегі медицина қызметкерлері 3 препараттың да ерекшеліктерін түсіндіруге дайын. Серікбол Жанболатұлы өз таңдауын қазақстандық «QazVac» екпесіне тоқтатып, Алмалы ауданындағы медициналық көмек көрсету орталығында вакцинаның бірінші компонентін алды.
«Демалысты пайдаланып қазақстандық «QazVac» вакцинасын салдырдық. Әзірге жақсы. Өзімді жақсы сезініп тұрмын. Ешқандай ауру жоқ. Былтыр, биыл көп таныстарым ауырды. Соны ойлағандықтан осындай қадам жасадым», — деді қала тұрғыны Серікбол Жанболатұлы.
Алмалы ауданындағы медициналық көмек көрсету орталығының жаңа пункті Төле би Әуезова көшелерінің қиылысындағы сауда үйінде өз жұмысын бастап кетті. Орталық тұрғындарды демалыссыз таңғы 10:00-ден кешкі 18:00-ге дейін қабылдап жатыр.
«4 мамырдан бастап жұмысты бастадық. Бірінші күні адам саны аз болды. Кеше 35 адам екпе алды. Оның ішінде «Спутник V»-ден 30 адам алды, «QazVac»-тан 5 адам алды. Алу барысында науқастардан, келіп жатқан адамдардан ешқандай шағым түскен жоқ», — деді Алмалы ауданы бастапқы медико-санитарлық көмек көрсету орталығы бас дәрігерінің орынбасары Жазира Момынқұлова.
Ал, жалпы еліміз бойынша бүгінде 1 миллион 600 мыңнан астам қазақстандық вакцина алған. Олардың арасында Алматы қаласы көш бастап тұр. Мұнда 247 мыңға жуық тұрғын екпе салдырыпты.
Сымбат Ноғай, Мейрам Исабеков «Алматы» телеарнасы.