Таңғы беске дейін жұмыс істейді: Карантинге қатысты қандай шектеулер алынып тасталды

20.10.2021 в 00:20

Соңғы екі аптада елімізде коронавирус жұқтыру деңгейі 17 пайызға төмендеген

Қазақстанда 20 қазаннан бастап карантин шектеулері жеңілдейді. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Үкімет отырысында хабарлады. Өйткені елімізде эпидахуал тұрақталған. Соңғы екі аптада коронавирусты жұқтыру деңгейі 17 пайызға төмендеген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Карантин шараларының жеңілдеуі бәрімізді қуантқаны рас. Бірақ арқаны кеңге салу әлі ерте. Әлі де бетперде тағу керек, санитарлық талаптарды ұмытпау қажет. Себебі, коронавирустың аяқасты өршитінін білеміз.  

Десе де, Денсаулық сақтау министрлігі тәуекелге бел буып отыр. Кейбір өңірлерде вирустың дендеуіне қарамастан, ертеңнен бастап түнгі клубтар қызметіне қайта кіріседі. Сондай-ақ келушілер вакциналау құжатын көрсету арқылы қарттар мен мүгедектер үйі, балалар үйі сияқты медициналық-әлеуметтік нысандарға баруға болады. Ал «Ashyq» қосымшасында көшбасшылар таңғы 5-ке дейін жұмыс істей алады. Мұндай шешім жалпы ел бойынша коронавирусты жұқтыру дерегі мен өлім жағдайының 4 пайызға төмендеуіне байланысты қабылданып отыр. Тіпті, соңғы айда 103 инфекциялық стационар жабылған. Сондай-ақ, халықтың екпені белсенді алуы да карантиннің жеңілдеуіне ықпал етті дейді бас дәрігер.  

«Халықты коронавирустық инфекцияға қарсы вакциналау науқаны жалғасуда. Қарқынды егу жоспарын жүзеге асыру үшін жаңа меже қойылды. Енді барлығы 11,4 миллион адамды вакциналау көзделіп отыр. Бүгінгі таңда бірінші компонентпен 8 миллионнан аса адам егілді. Бұл – вакциналауға жататын контингенттің 70%-дан астамы немесе халық санының 42,7 пайызы», – деді ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой. 

Бұл – біздің елдің коронавируспен күрестегі жеткен жетістігі. Алайда, өзге мемлекеттерде эпидахуал әлі де өршіп тұр. Украинада бір күнде 15 мыңнан аса адам вирус жұқтырып, жаңа антирекорд тіркелді. Осыған байланысты, жергілікті билік карантин шараларын күшейтіп, бірқатар шектеу орнатуда. Мәселен, 21 қазаннан бастап екпе алмаған азаматтар қоғамдық көліктермен қатынай алмайды. Ал балалар қашықтан оқуға мәжбүр. Себебі, дерттің өршуіне байланысты оқу орындары жабылып жатыр. Тіпті, жақын арада қатаң локдаун жариялануы да әбден мүмкін.  

«Өкінішке қарай, Украинада тағы бір толқын басталды. Мен Харьков қаласында тұрамын. Эпидахуалдың нашарлауына байланысты қызыл аймаққа өтуіміз ықтимал. Енді бізде оқу орындары, түрлі сауда орталығы жабылуы мүмкін. Менің ойымша, адамдар неғұрлым вакцинаны қарқынды алса, бүкіл әлемде пандемия тезірек аяқталар еді», – деді Украина ДСМ ұлттық фармацевтикалық университетінің кафедра меңгерушісі Олександр Кухтенко.

Отандық дәрігерлер Украинадағы жағдайды қайталамас үшін, екпе алып, иммунитетті нығайту қажет дейді. Ал вакцинаның бізде түр-түрі бар және кез келген егу пунктінде тегін салдыруға болады. Осы ретте, Алматы қаласы вакциналаудан көш бастап келеді. Соңғы тәулікте 1500-ге жуық тұрғын екпе салғызды. Десе де, мегаполис әлі «қызыл» аймақта тұр. Күніне 200-ден аса адам вирусқа шалдығуда. Алайда бұл жағдайды қоғамдық иммунитетке қол жеткізу арқылы түзеуге болады.  

Аяулым Көлжігіт, «Алматы» телеарнасы