Қандай жағдайда КВИ-ге қарсы вакцинаның үшінші мөлшерін алмауға болады

18.11.2021 00:13

Алдағы үш тәулік ішінде Қазақстанға америкалық екпенің кезекті партиясы келеді

Almaty.tv

Алматыда Pfizer вакцинасымен 2736 адам егілді. Бұл туралы қалалық Қоғамдық денсаулық басқармасы мәлімдеп отыр. Сондай-ақ алдағы үш тәулік ішінде Қазақстанға америкалық екпенің кезекті партиясы келеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.    

Елде жаңа екпемен иммундау жоспарлы түрде жүзеге асып жатыр. Тіпті, вакцина алған балалар саны күн санап артып келеді.   

Себебі әлемдік ғалымдардың айтуынша, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мақұлдаған Pfizer препараты – коронавирустың жаңа мутацияларына төтеп бере алатын тиімді вакцина. Бұл екпе 12 мен 15 жас аралығындағы жасөспірімдердің қатысуымен клиникалық зерттеудің екі кезеңінен өткен. Бүгінде қорытынды сынамалар аяқталып, препараттың тиімділігі 100 пайызды көрсетіп, қауіпсіз екені дәлелденді. Қазір еліміздің 7 өңірінде көптеген мемлекет қол жеткізе алмай отырған дәл осы вакцинаны егу жұмыстары жүріп жатыр. Соның ішінде Алматыда иммундау науқанына қатысуға ниет білдірген оқушылар қатары көбейіп келеді. Небәрі 6 тәулік ішінде мегаполисте 1644 жеткіншек екпе алып үлгерді. Ең бастысы, бұл балалардан кері әсер туралы ешқандай шағым түспеген.  

«Бастапқыда қорқыныш сезімі болды. Бірақ вакцинаны алғаннан кейін уайым мен үрей сейілді. Иммунитетімді нығайтқым келгендіктен, екпе алуды ұйғардым. Вирусты тасымалдаушы болып, өзгелерге жұқтырғым келмейді», – дейді Қ. Сәтпаев атындағы №56 гимназияның 9-сынып оқушысы Айтуар Исаев.

Осылай Pfizer екпесін ойлап тапқан компания енді коронавирусқа қарсы препарат жасап шығармақшы. Бұған дейін өндірушілер оны тек асқынулары бар науқастарға қолдануды көздеген еді. Бүгінде ол тиімділігін көрсетіп, жаппай өндіру туралы нақты шешімге қол жеткізілді. Енді таблетка түріндегі бірегей дәрі табысы төмен және орташа 95 мемлекетке тегін таратылатын болады. Осы ретте Ресей мемлекеті де бұл дәріні қолдануды жөн санаса керек. Енді 90 еріктіге клиникалық сынақтар жүргізуге рұқсат беріп отыр. 

«Біз бұл дәрі-дәрмекті о бастан тек қауіп тобында тұрған адамдарға қолдану керек деп ойлағанбыз. Негізгі мақсатымыз – науқастың ауруханаға түсуіне және ауру ағымының ауыр өтуіне жол бермеу. Сондықтан препаратты алғашқы белгілер пайда болғаннан кейін бірден қабылдау керек», – деді патенттік пул өкілі Эррве Верхусель.


Оқи отырыңыз: Коронавирус вакцинасы «дельта» штамына қарсы антидене көлемін ұлғайтады – дәрігерлер


Иә, осылай әлем ғалымдары жаһанды дүрліктірген пандемияны тек екпемен жеңуге болатынын айтуда. Ал вакцинаның үшінші күшейткіш мөлшерін алу өте маңызды болып тұр. Себебі алғашқы екпеден кейін жарты жыл өткен соң, иммундық жүйе әлсірей бастайды. Сәйкесінше, ағзаның вируспен күресуі қиындай түседі. Осы ретте инфекционисттер «Екпе – табиғи иммунитетті төмендетеді» деген ақпарды жоққа шығарып отыр. Вакцина керісінше, «дельта» штамына қарсы антиденелердің көлемін ұлғайтады екен. Сондықтан мамандар халықты елде бір жарым айдан кейін басталатын ревакциналау науқанына белсенді қатысып, иммунитетті нығайтуға шақыруда. 

«Көпшілік вакцина табиғи иммунитетті төмендетеді деп ойлайды. Бірақ бұл олай емес. Антиген дегеніміз – инфекцияның патогені. Ал адам ағзасы күнделікті жүз мыңдаған инфекцияға қарсы тұрады. Ауадағы түрлі вирус мұрынға, тамақ жегенде қаншама бактерия ауыз қуысына, асқазанға түседі. Бірақ біз бірден ауырып қалмаймыз ғой. Себебі антиденелеріміз бірден оларға қарсы жұмыс істейді. Ал вакцина тек иммунитетті күшейтеді. Сондықтан екпе алудан қорқудың қажеті жоқ», – деді С.Д. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті жұқпалы және тропикалық аурулар кафедрасының профессоры Равиля Егембердиева.

Ал ревакциналау басталғанда жергілікті емхана дәрігерлері күшейткіш дозаны алу уақыты жеткен тұрғындарға қоңырау шалу арқылы хабарласады. Немесе СМС-жіберу арқылы егуге шақырады. Бірақ пациент вакциналаудың толық курсынан өткеннен кейін ковидті жұқтырып, қайта жазылған болса, онда вакцинаның үшінші мөлшерін алмай-ақ қоюына да болады екен. Ал жұқпалы респираторлы вирус өршіп тұрған тұста көпшілік карантин шараларын естен шығарса, онда коронавирус та дендеп кетуі әбден мүмкін.

Аяулым Көлжігіт, «Алматы» телеарнасы