Б. Сағынтаев алматылықтарды коронавирустан вакцина арқылы қорғануға шақырды

17.06.2021 00:15

Инфекциялық стационарларда 706 адам, оның ішінде 26 бала жатыр

Almaty.tv

Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев КВИ жөніндегі санитарлық-эпидемиологиялық ахуал және вакцинация қарқыны жөнінде айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.

Қалада 16 маусымдағы жағдай бойынша коронавирус инфекцияcының 71 820 жағдайы тіркелді, оның 55 707-і симптомды және 16 113-і симптомсыз, 1 889 жағдай – анықталмаған пневмония. 2021 жылғы 15 маусымда коронавирус инфекциясының 112 жағдайы тіркелді, оның ішінде 95 жағдай симптомды және 17 жағдай симптом, 12-і анықталмаған пневмония. Тәуліктік өсім – 0,1%. Репродуктивті саны – 0,777.

Инфекциялық стационарларда 706 адам, оның ішінде 26 бала жатыр. Олардың 26-сының жағдайы өте ауыр, 196-сы ауыр халде, 484-і орташа ауырлық дәрежесінде.

Бүгінде үйдегі 923 пациент МСАК мобильді бригадалардың және Телемедицина орталығының бақылауында, оның ішінде 196-ы симптомсыз, 712-сі жеңіл және 15-і орташа ауырлық дәрежесінде.

«Алматы» телеарнасындағы Akimat LIVE бағдарламасының тікелей эфирі барысында Б. Сағынтаев қаланың КВИ бойынша «жасыл» аймаққа өтуіне карантиндік шектеу шаралары мен қалалықтардың жаппай вакциналануының оң әсер еткенін атап өтті.

16 маусымдағы жағдай бойынша 351 497 адам вакцина алды, оның ішінде 5 168 полиция қызметкері, 25 427 педагог, 30 630 дәрігер. Жалпы вакцина алғандардың ішінде 39 026-сы 60 жастан (11,1%) асқан адамдар. Бүгінде 235 107 адамға екі компоненттен вакцина егілді.

Бүгінде медициналық ұйымдарда, мектептерде, мәдени және спорттық мекемелерде, базарларда және қаланың СОСО-да 212 вакциналау пункті жұмыс істейді. Бұларға 1260 адамнан тұратын 308 екпе бригадасы жұмылдырылған.