Алматыда науқан басталғалы 300 мыңға жуық адам коронавирус вакцинасын алған

25.05.2021 в 00:20

Қазір 200-ден астам екпе пункті жұмыс істеп жатыр

Almaty.tv

Алматыда науқан басталғалы 300 мыңға жуық адам коронавирус вакцинасын алған. Екпенің алғашқы компонентін алуға келгендер үшін қала әкімдігі  демеушілердің қолдауымен ынталандыру сыйлықтарын ұйымдастырды. Ал әріптесім Назкен Еркін қазір қаладағы вакцинация пунктерінің бірінен Almaty.tv тікелей байланысқа шығуға дайын тұр. 

– Назкен, шаһарда иммунизация процесі қалай жүріп жатыр?

– Рахмет, Қайрат! Иә, біз қазір қаладағы сауда ойын-сауық орталықтарының біріндегі вакциналау пунктінде тұрмыз. Мұнда екпе алуға келіп жатқан халық жетерлік. Мәселен, таңнан қазіргі кезге дейін осы жерден 230-ға жуық адам келіп екпе алған екен. Енді вакцина алатын келуші алдымен кіреберісте таллон алып, тіркеуден өтеді. Әрі қарай мынадай жабық шатырдың ішінде дәрігердің қарауынан өтеді. Мұнда пациенттің қан қысымы, дене қызуы, қандағы сатурация деңгейі тексеріледі. Егер адамның жағдайы қалыпты күйде болса онда әрі қарай мынадай тағы арнайы бөлінген бөлмеге екпе алуға жіберіледі.

«Мен бүгін вакцинаның екінші дозасын алдым. Әлсіреу, бас айналу сынды сезімдер болды. Екпе салған жерге су тигізбеу, адамдар көп шоғырланған жерге бармау және суық тигізіп алмау керек екенін дәрігерлер айтты. Негізі вакцина қабылдау әр адамның азаматтық жауапкершілігі деп білемін. Өз басым үйде үлкен кісілердің барлығы екпе қабылдады. Мен де аурудың алдын алып, толықтай вакцина салдырдым», – деді қала тұрғыны Әйгерім Кенжалқызы.

«Менің ойымша әр қазақстандық вакцина салдыру керек. Соның көмегімен ғана коронавирусты жеңеміз. Бұл менің сөзім емес, дәрігерлер осылай айтып жатыр. Ұжымдық иммунитет қалыптасқан жағдайда, қалыпты өмірге оралатынымызға сенемін. Сондықтан екпе алуға кеңес беремін», – деді қала тұрғыны Зухра Веливаева.

Соңғы мәліметтер бойынша қалада бүгін мың жарымнан астам адам вакцина алған. Жалпы отандық екпемен бүгін 3 мың адам егілсе, Синофарм екпесін 10 мыңға жуық адам алыпты. Жалпы 4 айда шаһарда барлығы 300 мыңға жуық азаматқа екпе егілген. Қазір 200-ден астам екпе пункті жұмыс істеп жатыр. Мендегі бар ақпарат осы Қайрат. Сөз тізгіні өзіңде.

– Рахмет. Студиямен тікелей байланысқа қосылған әріптесім Назкен Еркін болатын. Ал, біз хабарымызды жалғастырамыз.