Алматыда жаппай вакциналау басталғалы бері 300 мыңнан аса адам коронавирус екпесін алыпты. Олардың 30 мыңнан астамы алпысты алқымдағандар, деп хабарлайды Almaty.tv.
Медеу ауданындағы № 2 қалалық емханадан осы күнге дейін 6373 адам вакцина алған болса, соның 300-ге жуығы зейнет жасындағылар екен. Бас санитар дәрігердің айтуынша, жасы егде тартқан адамдардың құлшынысы жоғары.
Дәл бүгінгінде № 2 қалалық емханадан 6300-ден астам адам вакцина алған. Әсіресе, орта жұмыс жасындағылар екпе салғызуға көп келеді дейді мамандар.
«Бізде 4 пункт сыртта бар. 2 пункт осында бар. 6 пунктпен санайтын болсақ, 250-300-дей келген күндер болды. Кей күндері кішкене аздап келеді. 65 жастан асқан, зейнет жасындағы адамдар да алды, 289 адам алыпты бізде оны», – деді №2 қалалық емхананың дәрігері, иммунолог Қасиет Байысбаева.
Мамандар Спутник V-дің 1-құтысындағы дозаны бірден 5 адамға салу керек болса, отандық екпе және Hayat-Vax 1 адамға ғана арналғанын айтады. Бұл қолдануға да өте ыңғайлы дейді олар. Одан өзге вакциналарды сақтау тәртібі де әртүрлі екен.
Ресейлік Спутник V вакцинасы -18 градус пен -22 градус аралығындағы температурада сақталатындықтан, оларды мынадай арнайы мұздатқыш камераларында сақтайды. Ал Қытай технологиясымен әзірленген Араб елінің вакцинасы Hayat-Vax пен біздің отандық KazVac вакциналары жай ғана осындай тоңазытқыштарда сақталады. Өйткені оларды +2 градус пен +8 градус аралығындағы температурада сақтау қажет.
Қаламыздың бас санитар дәрігері бүгін 40 пен 59 жас аралығындағы қала тұрғындарының індетті жұқтыру үлесі 1,1 пайызға дейін, ал 60 жастан асқандардың үлесі 0,9 пайызға дейін төмендегенін мәлімдеді. Қала тұрғындары болса, екпе салғызғаннан кейін өздерін қауіпсіз сезінетіндерін жеткізді.
«Бүгін бірінші рет вакцина алып тұрмын. Өте жақсы сезініп тұрмын өзімді. Еш жерім ауырып тұрған жоқ. Барлық тексерулерден өттім. Денсаулығым таза екен», – деді Медеу ауданының тұрғыны Бинұр Сүлейменова.
«Екіншісін алып жатырмын. Спутник V алдым. Бүкіл тексерулерді жүргізді. Дене қызуы, сатурацияны, қан қысымын өлшеді. Дәрігерлер міндетін орындады», – деді Медеу ауданының тұрғыны Айгерім Тоқсейітова.
«Спутник V алдым, біріншісін. Өзімді жақсы сезінемін», – деді Медеу ауданының тұрғыны Әзиза Зайрахунова.
Бүгінде қаланың медициналық ұйымдарында, мектептер мен мәдениет, спорт нысандарында, ірі сауда ойын-сауық орталықтарында 211 вакцинация пункті бар. 1256 адамнан тұратын 307 егу бригадалары жұмылдырылған. Мегаполисте бүгінде вакцинаның I-компонентінің 32 614 дозасы, II-компонентінің 109 673 дозасы қалыпты.
Сая Меңдеке, Арсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы