Екпе алғандардың ішінде денсаулығына қарсы шағым айтушылар болмапты
Коронавирусқа қарсы жаппай вакцинациялау жалғасып жатыр. Соңғы тәулікте Алматыда 5 мың 724 адам екпе алған. Осылайша вакцина қабылдаған алматылықтардың саны 155 мыңнан асты. Бұл Республика бойынша ең жоғарғы көрсеткіш. Тақырыпты Almaty.tv тілшісі Ұлағат Арғын жалғайды.
Бүгінде қала аумағында 205 вакцинациялау пункті жұмыс істеп тұр. Оның ішінде 30-ға жуығы ойын-сауық орталықтарында. Қаладағы бұл сауда орнында таңертеңнен бері адам аяғы арылар емес. Көпшілік тамақтанатын бұл орын уақытша екпе алаңына айналған.
Қазір қаладағы сауда орындарында ойын-сауық орталықтары жабық тұр. Есесіне олардың орынын осындай вакцинациялау орталықтары ауыстырған. Қазір мұнда екпе егу белсенді жүргізіліп жатыр. Медициналық пункт емхана талаптарына сай жабдықталған. Екпе алуға келген тұрғын алдымен осында дәрігердің қарауында болады. Кейіннен егу бөлмесіне қарай бет алады.
Мұндағы сауда орынында №12 қалалық емхананың көшпелі бригадасы жұмыс істейді. Дәрігерлердің түске дейін және түстен кейін болып екі ауысыммен кезектесіп қызмет көрсетеді. Бір топта 2 медбике, дәрігер және көмекшілерді қосқанда 4 адам бар. Екпе алғандардың ішінде денсаулығына қарсы шағым айтушылар болмапты.
«Вакцина жеткілікті. Біз күніге 150 доза әкелеміз. Әр күнде келетін адам саны әртүрлі. Бұл орталық жақында ашылғанына байланысты тек қазір 1-компонетін егіп жатырмыз. Екіншісін 6 мамырдан бастап егеміз деп жоспарлап отырмыз», – деді №12 қалалық емхананың жалпы тәжірибелік дәрігері Индира Қалқабаева.
Қала тұрғындары екпе егу пункттерінің осындай ойын-сауық орталықтарында ашылғанына қуанады. Себебі арнайы емханаға барып уақытын өткізбейді, әрі мұнда дәрігерлер азаматтар үшін бар жағдайды жасап отыр.
«Осында азық-түлікке, не болмаса киім-кешек сатып алуға кірген кезде вакцинаны алып кеткенге оңай. Болашақта бәріңіздің алғаныңыз дұрыс деп ойлаймын», – деді қала тұрғыны Азамат Тауметов.
«Ахуалдың күннен-күнге нашарлап бара жатқанын көріп отырмыз. Жақындарым мен таныстарымның жиі ауырып жатқанын естіп жатырмын. Сондықтан екпе аламын деп шештім», – деді қала тұрғыны Біржан Тәлкенов.
2021 жылғы 22 сәуірдегі дерек бойынша Қазақстанда 796 383 адам вакцина салдырды
Алматы қаласы - 155 423
Нұр-Сұлтан қаласы - 73 025
Шымкент қаласы - 72 886
Айта кетейік, екпе алған қазақстандықтардың саны 796 383 адамға жетті. Ел бойынша Алматы тұрғындары белсенді. 155 423 қала тұрғыны вакцина алды. Оның ішінде 38 430-ы 60 жастан асқан егде адам.
Ұлағат Арғын, Ғани Қалуов, «Алматы» арнасы