Алмалы ауданында жаңа вакцинациялау пункті ашылды

Almaty.tv
Almaty.tv
Коронавирус инфекциясына қарсы егу орталығы Әуезов және Төле би көшелерінің қиылысында орналасқан
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алмалы ауданындағы жаңа вакцинациялау пункті қала тұрғындарын екпе алуға шақырады. Коронавирус инфекциясына қарсы егу орталығы Әуезов және Төле би көшелерінің қиылысында орналасқан. Ал, бүгінде мегаполис бойынша жалпы 203 вакцинациялау пункті жұмыс істейді. Екпе алуға ниет білдіруші осы орталықтардың кез келгеніне барып, қолданыстағы Спутник-V препаратын салдыра алады, деп хабарлайды Almaty.tv.

Жергілікті әкімдік пен №3 қалалық емхананың бастамасымен ашылған егу пункті демалыссыз таңғы сағат 8-ден кешкі 8-ге дейін жұмыс істейді. Вакцинациялау пункті ашылғалы 10 күн ішінде мұнда 2 мыңнан аса адам екпе алған.

«Алматы қаласының тұрғыны, осы жерде жұмыс істейтін, тұратын және де қалалық емханаға тіркелген әрбір азамат келіп, вакцина ала алады. Тек қана осы үшінші емхананың халқы ғана емес, осы Алмалы ауданында тұрып жатқан халықтар, басқа ауданда тұрып жатқан, міндетті түрде бір емханаға тіркелген әрбір адам келіп ала алады», – деді №3 қалалық емхана бас дәрігерінің орынбасары Айдана Шалданбаева.

Вакцинациялау орталығына күніне 200-ден аса аламтылық келеді. Қоғам алдындағы азаматтық борышын орындап жатқандардың басым бөлігі орта жастағы қала тұрғындары мен зейнеткерлер екен.

БЛИЦ-1:

- Жақындарымды, туғандарымды осы аурудан сақтау үшін және де бұрынғы қалыпқа оралайық деп ойлаймын.

- Сенем осы вакцинаға Ресейдің. Сондықтан келіп отырмыз балам екеуміз.

- Ауырмайтын шығармыз, бір-бірімізге жұқпайтын шығар деп, сақтықта қорлық жоқ қой, сол себепті ауырмайық деп алдым.

Ал, елімізде Спутник-V-дің 2 компонентін де салдырған азаматтардың саны 123 мыңға жетті. Оның 12 пайызы алматылықтар. Алғашқы болып вакцина салдырғандардың бірі – Ақшолпан Айту бүгінде екпенің екінші компонентін алып үлгерген. Тек жаппай вакцинациялау арқылы ғана ұжымдық иммунитетті қалыптастыра аламыз дейді медицина қызметкері.

«4 наурызда  бірінші компонентін алдық. Екінші компонентін 21 күн өткеннен кейін 25 наурыз күні алдық. Науқастармен тығыз байланыстамыз. Біз ошағында жүрміз ғой. Емхананы ошағы деп білеміз. Біз одан кейін үйге қайтамыз. Үйдегі туысқандарымыздың қауіпсіздігін ойлай отыра бірден келістік», – деді №3 қалалық емхананың аға медбикесі Ақшолпан Айту.

Бүгінде республика бойынша ресейлік Спутник-V вакцинасы 734 мыңға жуық қазақстандыққа егілген. Екпе алуда, әсіресе, алматылықтар белсенділік танытуда. Яғни, шаһарда 142 мың 600 тұрғын вакцина салдырыпты.  

Сымбат Ноғай, Рашид Шүкірәлиев, «Алматы» арнасы

Новости партнеров