Дәрігерлер екпенің жиі тұмаумен ауыратын адамдарға тигізетін ешқандай да кері әсері жоқ екенін айтады
Алматыда екпе алғандардың саны 360 мыңға жуықтап қалды. Тіпті, өткен тәуліктің өзінде 5 мың 802 адам вакцина салдырған. Ал, дәрігерлер екпенің жиі тұмаумен ауыратын адамдарға тигізетін ешқандай да кері әсері жоқ екенін айтады. Тек қабылдайтын дәрі мөлшері дұрыс болуы керек. Толығырақ Almaty.tv тілшісі тарқатсын.
24 жастағы Ел-Дана Аманжолқызы қазіргі уақытта жоғары оқу орындарының бірінде сабақ береді. Ол қаламызда вакцина салу басталған күні-ақ екпе салдыруға шешім қабылдаған. Оған итермелеген басты себеп жақын туыстары мен достары және шәкірттерінің денсаулығы. Ал, ел арасындағы вакцинаға қатысты алып қашпа әңгімелерге мүлде сенбейтінін айтады. Себебі әр адамның өзіндік пікірі һәм білімі болуы керек.
«Жалпы ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде деген принципті ұстанамын. Өз басым медицинаға, ғылымға, білімге сенемін. Сенім артуымыз қажет деп ойлаймын. Сондықтан да өзіміздің бұрынғы өмірге қайтып оралу үшін студенттер аудиторияларға, оқушылар мектептерге, біз офлайнға оралу үшін екпе салдырту соның бір жолы деп білемін», – деді Абай атындағы ҚАЗҰПУ оқытушысы Ел-Дана Аманжолқызы.
Ал, дәрігерлер болса белгілі аурумен тұрақты ауыратын адамдардың да вакцина салдыруға мүмкіндігі бар екенін айтады. Әсіресе, жиі тұмауға шалдығатындар үшін қажет. Ең бастысы, ондай науқастар сырқаты басылған кезде 14 күннен кейін барып екпе алса болады.
«Вакцинаға қарсы көрсеткіш емес. Ондай адамдар келді және келіп те жатыр. Қазіргі жағдайын бәрін қарап, анализін алып содан соң барып вакцина салуға мүмкіндік береміз», – деді қалалық №10 емхананың жалпы тәжірибелік дәрігері Сержан Тыңдыбай.
Еске салайық, қазіргі уақытта қалада 211 егу пункті жұмыс істеп тұр. Олар мектептер мен сауда орталықтарында және спорт, мәдениет нысандарында орналасқан. Айта кету керек, Алматыда екпе алғандардың саны 360 мыңға жуықтап қалды. Өткен тәуліктің өзінде 5 мың 802 адам вакцина салдырған.
Мерей Қанапиянов, Мейрам Исабеков, «Алматы» арнасы