Әлемді дүр сілкіндірген «дельта» штаммы: Алматыдағы эпидахуал

02.07.2021 01:24

Алматыдағы жұқпалы аурулар ауруханасында 703 адам коронавируспен ауырып жатыр

Далада қалған мүрде. Вакцина тапшылығы. Ауруханада орын жоқ. Үндістанда коронавирустың кесірі тым ауыр. Израильде коронавирустың өршуінен халық қайта бетперде тағуға көшті. Ресейдегі эпидахуал да нашарлап тұр. Ал бізде ше? Соңғы тәуліктің өзінде Алматыда 305 адамнан коронавирус анықталған. Үнді штаммын жұқтырғандардың өсіп барады. Мамандар бұл індеттен құтылудың жалғыз жолы вакцина деп отыр.

Алматыда «дельта» штаммының күрт таралуы қаладағы эпидахуалды тіптен қиындатты. Осы уақытқа дейінгі сынамалардың 78,3 пайызынан дәл осы Үнді штаммы табылған. Ал, жұқпалы ауруханаларда 703 коронавируспен адам ауырып жатыр. Оның 53-і балалар. Жалпы науқастардың 16-сы хал үстінде. 54 адам жансақтау бөлімдерінде өмір мен өлім арасында жатыр. Одан бөлек, 1,5 мыңдай науқас үй жағдайында бақылауда, деп хабарлайды Almaty.tv.

Графика:

Алматыдағы жұқпалы аурулар ауруханасында 703 адам коронавируспен ауырып жатыр.

16 адам хал үстінде.

54 адам жансақтау бөлімінде.                  

153 науқастың жағдайы ауыр

534 пациенттің денсаулығы орташа деңгейде

«Коронавируспен ауырған кезде көбінесе адамдарда «жасырын кезеңі» болатын. Ал, қазіргі кезде мына үнді штаммында «жасырын кезеңі» өте қысқарған. Сол себепті біз осы кезеңді өткізіп алмайық. Адамдар дер кезінде келсе, дер кезінде ем жүргіземіз. Бұл жерде тағы бір айтып кететіні, сол күнге жеткізбес үшін екпе салып алсақ, дәрігердің көмегіне жүгінудің де қажеті болмай қалады», – деді И. Жекенова атындағы қалалық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасының бөлім меңгерушісі Абзал Малбасқанов.

Бұл ауруханадағы ахуал тым ауыр. Ауа жетпей, тынысы тарылғандар, аурудан шаршап, күрсінген дауыс. Коронавирус індетінің қаншалықты ауыр екенін бастан өткерген Хорлан Алмасбекқызы вакцина алудың қажеттілігін енді түсінгендей.  

«Ауруханаға келген кезде өте ауыр халде болдым. Негізі вакцина алмаған едім. Қазіргі індет ешкімді аяп жатқан жоқ. Қазір көріп жатырмыз өзіміз де басымыздан өткеннен кейін. Осы вакцинаны алуға бәрін шақырамын», – деді науқас Хорлан Алмасбекқызы.

Егер пациент уақытында екпе алғанда осылай қиналмас еді, дейді дәрігерлер. Осыдан бір жыл бұрын дәл осы уақытта болған жантүршігерлік жағдай әлі ел есінде. Күнделікті қазанама, мәйітханадағы кезек, тіпті бейіт басында жаңа қайтыс болғандардан көз сүрінетін жағдай, қабырғаны қайыстыратын қаралы хабар әлеуметтік желілерде көптеп тараған еді.

«Әлеуметтік желілерде былтыр ашып қалсақ, мысалға, «иманды болсын», «иманды болсын» деген нәрсе көбейіп кеткеннен соң, адамға да бір қатты бір әсері болады екен. Енді қорқыныш, үрей пайда болады. Сондай нәрсе менде де болды. Енді ешқайсысына ондай нәрсе тілегім келмейді», – деді әнші Мақсат Базарбаев.

Былтыр ауруды емдеуден басқа амал болмаған еді. Биыл оған қарсы вакцина шықты. Сондықтан аурудың алдын алу керек. Бір жыл өтсе де бұл індет әлі бәсеңси қойған жоқ. Керісінше вирус мутацияға ұшырап, әлемді әбігерге түсіруде. Мәселен, көршілес Ресейде екі жылда 135 мыңнан астам адам ковидтан көз жұмды. Ал, бірінші болып бетпердесін шешкен Израильдегі жағдай қайта өзгерді. Өйткені мутацияланған вирус тарап кеткен. Үндістанда ахуал тіпті қиын. Ауруханаға жетпей көз жұмғандардың денесі Ганганың бетінде қалқып жүр. Өлімнің көптігінен оларды өртеп үлгермеген. Енді қара зең ауруды жығылғанға жұдырық боп тиді.

«Елдегі ауыр жағдаймен күресу үшін біз барымызды салып жатырмыз. Бүгінде «қара зең де» жағдайды қиындатып тұр. Оған көбіне коронавируспен ауырғандар шалдығады. Ауыр жағдайда тіпті науқастың көзін ойып тастауға да мәжбүр боламыз. Өйткені инфекция миды зақымдайды», – деді «MEDANTA - THE MEDICITY»  емханасының директоры Нареш Трехан.

Осындай жағдайды біздің елде болдырмас үшін вакцина алу керек. Ғалымдар жаппай иммунитет қалыптасқан жағдайда ғана қоғамды аман алып қаламыз деп отыр. Осы уақытқа дейін де оба, холера сияқты аты жаман ауруларға да вакцина нүкте қойған болатын. Бұл жолы да індетті жеңудің жалғыз жолы – вакцина.

Жанар Ғаниқызы, «Алматы» телеарнасы