|
10.11.2021 | 19:45
2171

Қазақстанда халықты ревакциналау науқаны 22 қарашада басталады

Еліміз вакциналау бойынша 205 мемлекет ішінде 105-орынды иеленген

Қазақстанда халықты ревакциналау науқаны 22 қарашада басталады Фото: Reuters

Қазақстанда халықты ревакциналау науқаны 22 қараша күні басталады. Бұл туралы еліміздің Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой мәлімдеді. Қайта егу кезінде ақпан айында ең бірінші болып вакцина алған медицина қызметкерлері мен педагогтер, полицейлер мен құқық қорғау органдарының өкілдері иммундалады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.    

Бұл тізімге вируспен күресте алдыңғы шепте жүргендерден бөлек, 65 жастан асқан қариялар мен иммунитеті әлсіз адамдар ілігіп отыр.  

Министрдің мәлімдеуінше, ревакцина екпенің бір ғана дозасымен жасалады. Сондай-ақ қайта егу науқаны екі кезеңмен жүзеге асырылатын болады. Алғашқы кезеңде қауіп тобындағы мамандар мен созылмалы дерті бар науқастарды қоса алғанда, барлығы 1 миллион адам вакциналанады деп болжам жасалып отыр. Ал екінші кезеңде бұл меже 6,2 млн халыққа жетеді деп жоспарланып отыр. Бірақ ревакциналау ерікті түрде өтеді. Бүгінде елде екпенің толық курсынан 7,7 миллион адам өткен. Яғни, қазір халықтың иммундық деңгейі 67,8 пайызға жетіпті.

Осылайша, Қазақстан вакциналау бойынша 205 мемлекет ішінде 105-орынды иеленген. Ал ТМД елдерінің арасында ең жоғарғы көрсеткіш Қазақстан мен Әзірбайжан мемлекетіне ғана тиесілі екен.      

«Аталған топтан бөлек, 60 жастан асқан қариялар және коронавирусқа қарсы антиденесі жоқ адамдар қайта егудің бірінші кезеңіне қатыса алады. Жалпы, қазақстандықтар ең алғаш вакцинаны сәуір айында салдырған еді. Соған байланысты қалған халықты жаппай ревакциналау 2022 жылдың қаңтар айынан басталады», – деді ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой.

Қайта егу науқаны өзге мемлекеттерде де жүзеге асып жатыр. Жаңа жыл мерекесін еш шектеусіз өткізуге ниеттен Ұлыбритания билігі алдымен халықтың осал тобын ревакциналауды бастамақ. Ал Лондонда бүкіл қала тұрғыны қайта егілуіне рұқсат етілсе, Израильде барлық қариялар ревакциналанып үлгерген. Осы ретте, жергілікті ғалымдар расымен де екпенің үшінші дозасы иммунитетті нығайтып, ауруханаға жату немесе өлім ықтималдығын айтарлықтай төмендеткенін айтып отыр.             

«Қызылша немесе «А» гепатиті секілді жұқпалы аурулармен ауырған адамдар вакцина алғаннан кейін, оларда өмір бойы қорғаныш жүйесі қалыптасады. Алайда коронавирусқа қатысты жағдай сәл басқаша болып шықты. Ағзаны вирустан қорғайтын антидене бір жылдан екі жылға дейін жетеді деп есептеген едік. Бірақ иммунитет жарты жылдан соң әлсірей бастауда. Ал ревакциналау кезінде салынған үшінші екпенің тиімділігі алғашқы вакцинаға қарағанда 10 есеге жоғары болуда», – деді Бар-Илан университеті медицина факультетінің профессоры Майхел Эдельштейн (Израиль). 

Ал ертең Қазақстанға Pfizer вакцинасының бірінші партиясы келеді. Бұл туралы халықаралық әуежайдың баспасөз қызметі мәлімдеп отыр. Денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, жалпы америкалық екпенің 4 миллион 230 мың дозасы сатып алыныпты. Ол 2 миллионнан аса адамға, атап айтқанда оқушылар мен аяғы ауыр әйелдерге және бала емізетін келіншектерге егіледі деп есептеліп отыр. Алайда балаларды иммундау 16 жастағы жасөспірімдерден басталмақ және вакциналау тек мектептердегі егу пункттері мен медициналық мекемелерде жүзеге асырылады. Бірақ дәрігерлер аллергиясы бар балаларды егуге кеңес бермейді. Сондай-ақ коронавирус жұқтырып, жазылған оқушыларды тек 6 ай уақыт өткен соң ғана вакциналау ұсынылып отыр.  

«Балалар вирусты тез жұқтырады және тасымалдаушы саналады. Сондықтан оларды вакциналау амбулаторлық негізде жүргізіледі. Егу кезінде қандай да бір кері әсер немесе асқынулар болса, арнайы комиссия құрылады. Оған бірінші кезекте арнайы мамандандырылған медицина қызметкерлері мен инфеционисттер жұмылдырылады», – деді балалар инфекционисі, медицина ғылымдарының кандидаты Марина Головенко.

Иә, әлем ғалымдары Pfizer-дің тиімділігі балаларда 100 пайыздық көрсеткішке ие дейді. Қазір бұл екпе Еуропа мен АҚШ мемлекеттерінде мойындалған. Сондықтан шетелде білім алуды жоспарлаған қазақстандық оқушылар, бұл мүмкіндікті жіберіп алмағаны дұрыс. Ал елімізде эпидахуал әзірге тұрақты. Бірақ соңғы тәулікте вирусқа шалдыққан отандастарымыздың саны 1 мыңнан асып түсті. Кеше ғана бұл көрсеткіш 900-ге жуық еді. Ал ең көп науқастар Солтүстік Қазақстан облысында анықталып отыр.

Аяулым Көлжігіт, «Алматы» телеарнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир