Бүгін елордада мәдениет мекемелерінің 50-ге жуық қызметкері коронавирусқа қарсы ревакциналаудан өтті. Олар бұған дейін қауіпті індетпен ауырып шыққандар осы екпенің арқасында ауруды жеңіл өткергенін айтады. Жалпы, ел астанасындағы Мәдениет басқармасына қарасты барлық мекеме қызметкерлері бүгінде 100 пайыз вакцина алған. Алдағы уақытта барлығы ревакциналаудан толық өтпек, деп хабарлады Almaty.tv тілшісі.
Бүгін елордадағы №2 қалалық емханада мәдениет мекемелерінің қызметкерлері ревакциналаудан өтті. Өнер адамдары театрлар мен концерт залдары қалың жұртты күтуде дейді. Сондықтан барлығына екпе алуға кеңес береді.
«Бізде ұжымда міндетті түрде вакцина 100 пайыз алды. Енді денсаулығына байланысты дәрігер рұқсат етпегендер бар. Бірақ басқалары түгел алдық. Карантин шаралары міндетті түрде сақталады. Біз өнер адамдары болғаннан кейін халықпен көп араласып, ел жиналатын жерде жүретіндіктен, өз денсаулығымызға міндетті түрде мән беруіміз керек», – деді Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің мемлекеттік академиялық филармониясы директорының орынбасары Олжас Сыдықбек.
Театр директоры Айболат Жаудыр да бүгін қайта егу науқанына келді. Оның айтуынша, осыған дейін екпенің екі компонентін алғанда коронавируспен ауырмаған.
«Өнер адамдары барша халықты вакцина алуға және ревакциналаудан өтуге шақырамыз. Себебі ұжымдық иммунитетті қалыптастырмай коронавирусты жеңе алмаймыз. Бір ортаға бару үшін де ол жердегі адамдардың қауіпсіздігі үшін өзіміз де вакцина алуымыз керек», – деді М.Горький атындағы Мемлекеттік орыс драма театрының директоры Айболат Жаудыр.
Бүгін дәл осы емхана арқылы 50 шақты адам қайта екпе салдырды. Мамандардың айтуы бойынша, әлі де халықтың белсенділігін арттыру қажет. Сол себепті дерттен сақтанудың жолы жалғыз вакцина болып тұрғандықтан, ел алдында жүрген белгілі адамдарды үлгі ету арқылы осындай шара ұйымдастырылды
Жалпы, Нұр-Сұлтан қаласы Мәдениет басқармасына қарасты 12 мекеме бар. Онда 1900 қызметкер жұмыс істейді. Алдағы уақытта осы қызметкердің барлығы ревакциналаудан өтетін болады. Олар мәдениет ұйымдарының қызметі қайта жанданғанын қалайтынын жеткізіп, халықты екпе алуға шақырды.
Қаламқас Нысанбай, Ринат Өтеев, «Алматы» телеарнасы, Нұр-Сұлтаннан