Коронавируспен ауырғандардың 99,9 пайызы вакцина салдырмағандар – Алексей Цой

29.07.2021 00:58

Ashyq жобасына қосылмаған барлық кәсіпорын мен ұйымның қызметі уақытша тоқтатылады

Фото: Reuters

Коронавируспен ауырғандардың 99,9 пайызы вакцина салдырмағандар. Бүгін осылай деген Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой дүйсенбіден бастап 5 өңірде шектеу шаралары қатаңдайтынын айтты. Осы ретте, Ashyq жобасына қосылмаған барлық кәсіпорын мен ұйымның қызметі уақытша тоқтатылатынын атап өтті. Бұл тізімге орталық мемлекеттік органдар, әкімдіктер, құқық қорғау органдары, денсаулық сақтау ұйымдары, БАҚ, азық-түлік дүкендері, дәріханалар мен тіршілікті қамтамасыз ету ұйымдары енбеген, олар бұрынғыша жұмыс істейді. Сонымен қатар, министр елдегі екі ірі қала мен үш облыста инфекциялық төсек-орын тапшылығы сезілу мүмкін деген болжам айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.

«Ем алып жатқан науқастардың саны 2 есе көп. Қазір еліміз бойынша 90 мыңдай адам ауырып жатыр. Оның 25 мыңы стационарда, 65 мыңнан астамы амбулаторлық ем алуда. Шілденің басындағы жағдаймен салыстырғанда ауыр жағдаймен түскендердің саны екі есе көбейді. 1000-ға жуық науқас өкпені жасанды желдету аппаратында жатыр. Оның үстіне бірқатар өңірде инфекциялық және реанимациялық төсектердің тапшылығы болуы мүмкін. Тәуекел аймағында Нұр-Сұлтан, Шымкент қалалары, Ақтөбе, Ақмола, Қызылорда облыстары тұр. Бірнеше өңірдің денсаулық сақтау жүйесі жоғары жүктемемен жұмыс істеп жатыр», – деді ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой.

Сондай-ақ, министр отандық QazVac вакцинасының 600 мың дозасы қоймада бар, тамыз айында өңірлерге жеткізіледі деп отыр. Министр вакцина салдырғандар мен соңғы үш айда коронавируспен ауырып шыққандарға жұмысқа баруға рұқсат етілетінін жеткізді. Ал, бұқаралық, спорттық, отбасылық, еске алу және тағы басқа шараларды өткізуге тыйым салынды.