Қазақстанда вакцина алғандар саны 6 жарым миллионға жуықтады

26.08.2021 00:59

Өңірлер арасынан коронавирус инфекциясына қарсы екпе егу қарқыны бойынша Алматы қаласы көш басында

Almaty.tv

Қазақстанда вакцина алғандар саны 6 жарым миллионға жуықтады. Өңірлер арасынан коронавирус инфекциясына қарсы екпе егу қарқыны бойынша Алматы қаласы көш басында, деп хабарлайды Almaty.tv 

Тәулік ішінде 3 жарым мың алматылық вакцина салдырған. Осылайша екпе алған шаһар тұрғындарының жалпы саны 849 мың 542 адамға жетті. Бұл қала халқының 42 пайызы.

Қазір қаланың медициналық ұйымдарында, мәдениет және спорт нысандарында, сондай-ақ сауда орындарында 160 вакцина егу пункті жұмыс істеп жатыр. Соның бірі дәл осы қалалық №6 емханада орналасқан.

«Бірінші компонентте «Спутник V», Qazvac бар. Екінші компоненттен Hayat вакцинасы қалды және Казковидтен бар. Бірінші мен екінші компонентте Қытай Республикасынан келген Sinovac вакцинасы бар», – деді қалалық №6 емхананың иммунолог-дәрігері Баян Иманғазиева.

Фарида Балтабайқызының базарда сауда жасайды. Бүгін екпенің екінші компонентін алуға келіпті. Себебі көп адаммен жұмыс істейтіндіктен денсаулық басты орында дейді.

«Өзімді жақсы сезініп тұрмын. Eшқандай ауру жоқ, жақсы. Өзім үшін, өзімнің жақын туысқандарым үшін, солардың денсаулығы үшін вакцина алдым», – деді саудагер Фарида Балтабайқызы.

Ал, Алматы су мекемесінде жұмыс істейтін Ғалия Өркенбаева да елді екпе алуға шақырды. Өйткені, індеттен құтылудың амалы осы екеніне сенеді.

«Алматы Су» бойынша 90-95 пайыз вакцина қабылданған. Ал, бізде халыққа қызмет көрсететін орталық болғаннан кейін, қыздардың бәрі 100 пайыз вакцина алған», – деді «Алматы Су» орталығы тұтынушыларды қабылдау бөлімінің бас маманы Ғалия Өркенбаева.

Ал, су құбырын жөндейтін қызметкер 2 ай бұрын екпенің қос дозасын салдырған. Оның сөзінше, вакцинаны, ең алдымен, үйдегі отбасы мүшелерінің амандығы үшін алыпты.  

«Бізде бригада. Бәрі бригада болып кетті. 4-5 адам болып жұмыс істейміз. Халықпен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істегендіктен міндетті түрде вакцина алдым», – деді 5-дәрежелі слесарь Нұрасыл Бекбаев.

Естеріңізге сала кетейік, вакцина алуға міндетті қызметкерлер екпенің екінші компонентін бірінші қыркүйекке дейін салдырып үлгеруі керек.

Оразай Нұртай, Әрсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы