Алматыда вакцина алғандар саны 1 миллионға жуықтады

18.09.2021 01:04

Екпе алу көрсеткіші бойынша қала көш басында тұр

Фото: ашық дереккөзден

Алматыда вакцина салғызғандар саны 1 миллионға жуықтады. Осылайша, екпе алу көрсеткіші бойынша қала көш басында тұр. Соған қарамастан ұжымдық иммунитет әлі де 70 пайызға жеткен жоқ. Сондықтан ел арасында түсіндіру жұмыстары кең ауқымда жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv

Ұжымдық иммунитеттің деңгейін көтеру қалалық №10 емханада сәтті жүзеге асып жатыр. Мұнда екпе алуға жарамды 35 мыңға жуық адамның 83 пайызы вакцина салғызып үлгерген. Ал, мекеме қызметкерлері өзге де қала тұрғындарын ынталандыру мақсатында 20 түрлі техникаға науқан жариялады. Ірілі-ұсақты тұрмыстық заттар екпе алған азаматтар арасында ойнатылмақ.

«Науқанға тек қана  6 қыркүйектен бастап, вакцинаның 1-компонентін алған адамдар ғана қатыса алады. 9 қазан бізде ойын болады. Сол кезде ойынымызда анықтаймыз», – деді Қалалық №10 клиникалық емханасының иммунологы Майра Пияева.

Ресми ақпарға сүйенсек, бүгінде қала бойынша 923 мыңға жуық адам екпе алған. 60 жастан асқан қарт кісілердің саны 116 мыңды құрап отыр. Ал, медициналық ұйымдар мен мәдениет, спорт нысандарында 160 вакцина пункті жұмыс істейді.

«Өзімізді, жақындарымызды, айналамыздағы адамдардың қауіпсіздігі мен аурудың алдын алу мақсатында екпе алу маңызды», – деді қала тұрғыны Мая Қасенова.

«Міндетті түрде вакцина алу керек болды. Өйткені, жағдай күннен күнге нашарлап, адамдар қайтыс болып жатты. Сондықтан мен екпенің 1-компонентін алдым», – деді қала тұрғыны Елена Кулжамбекова.

Айта кету керек, соңғы тәулікте қаламызда коронавирустық инфекцияны жұқтырудың 651 жаңа жағдайы тіркеліп отыр. Оның 301 симптомды. Ал, инфекциялық стационарларда емделіп жатқан науқастардың саны 2738-ге жетті.

Мадина Оқас, Ануар Амангелдинов, Ғани Қалуов, «Алматы» телеарнасы