СҚО-да жазасын өтеп жатқан 100-ге жуық әйел вакцинацияланды

Almaty.tv
Almaty.tv
Екпе салғандар арасында жанама әсерлер анықталмаған
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Петропавлдағы әйелдер колониясында жазасын өтеп жатқан 100-ге жуық әйел коронавирус вакцинасын алды. Ал, сотталғандарға  қайсы вакцина  егілді? Жанама әсерлері байқалды ма? Толығырақ Almaty.tv тілшісі Диана Есім тарқатсын.

Виктория Пономаренко - ЕС-164/6 түзету мекемесінде 4 жылдан бері жазасын өтеп келеді. Бүгін ол екпені алғашқылардың бірі болып қабылдады.  

«Біріншіден, екпенің денсаулық үшін пайдасы үлкен. Әлемде не болып жатқанын біз теледидардан көріп тұрамыз. Мен вакцина егу бәріне де қажет деп санаймын. Мәселен, бала кезде балаларға қызылша, гепатит, туберкулезге қарсы екпелер жасайтын. Бұл жерде де дәл солай»,– деді жазасын өтеуші Виктория Пономаренко.

«Бұл ем-шараны мен өз еркіммен пайдаланамын, яғни, ол менің өз денсаулығыма деген ықпалы өте зор. Себебі осы індетке қарсы барлық әлем вакцинаны қабылдап, денсаулығымызды нығайтып, туған-туысқандарымыз және де барлық қоршаған ортаны аурудан сақтауға шара қабылданып жатыр деп сенемін»,– деді жазасын өтеуші Айзада Төлегенова.

«ЕС-164/6 түзету мекемесінде жазасын өтеуші әйелдер үшін вакцина егу ерікті түрде жүргізіледі. Мамандардың сөзінше, қазіргі таңда олардың арасында вакцинадан бас тартқандар тіркелген жоқ.

Алдымен әйелдер дәрігердердің қарауынан өтеді. Кейін сотталушылардың қан қысымын, дене қызуын, аллергияның бар жоғын анықтайды. Егер оларда вакцинамен сәйкес келмейтін көрсеткіштер анықталса, оларға екпе салуға тыйым салынады. Процедура 21 күндік аралықта 2 кезеңнен тұрады дейді мамандар.

«№3 емхананың мобильді тобы біздің сотталғандарға вакцина егеді. Бір апта бұрын 87, бұл жолы 99 сотталғанға вакцина егеді. Тағы үшінші кезең болады. Медициналық себептермен вакцина егуге болмайтын азаматтар да бар. Бұл АИТВ жұқтырған, туберкулезбен ауыратындар, онкологияға, жүрек ауруына шалдыққандар және т.б»,– деді ЕС-164/6 мекемесінің фельдшері Қаламқас Шагирова.

Өткен аптада әйелдерге отандық «Qazvaс» вакцинасы егілген еді. Бүгін сотталушыларға «Sputnik V» вакцинасы салынды. Екпе салғандар арасында жанама әсерлер анықталмаған.

«Біздің облыстағы мекемелерде жазасын өтеушілер арасында денсаулық сақтау басқармасының көмегімен иммунитетті қалыптастыру мақсатында коронавирустық инфекцияға қарсы вакцинациялау басталды. Бүгінгі күні 214 сотталғанға вакцина егілді, 528 вакцинаны күтуде. Оларға отандық, сондай-ақ, ресейлік вакциналар егіледі»,– деді облыстық қылмыстық атқару жүйесі департаменті басшысының орынбасары Александр Кочкин.

Қазір республика бойынша барлығы 80 түрме бар. Онда өз жазасын өтеп жатқандар саны шамамен 32 мыңға жетеді екен. Ал, Петропавлда олардың саны 800-ден асады.

Новости партнеров