Бүгінде «омикрон» вирусы әлемнің 57 мемлекетінде анықталды.
Қазақстан халқы жаппай ревакциналануы қажет. Ал жүкті әйелдер екпенің толық курсынан өткеннен кейін Pfizer-мен үшінші мәрте иммундалады. Бұл туралы еліміздің бас санитар дәрігері Ерлан Қиясов қабылдаған жаңа қаулыда хабарланды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Сондай-ақ вакцинаның күшейткіш мөлшерін Қазақстан аумағында 3 ай немесе одан да көп тұрған шетелдік азаматтар да алуы тиіс. Одан бөлек, өзге елдің 12-ден 18 жасқа дейінгі жеткіншектері мен студенттеріне де екпе алуға рұқсат етілді. Себебі Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мамандары қазір бүкіл әлемде тіркелген екпелер «омикрон» штамына қарсы тұруға қауқары жетеді деген мәлімдеме жасап отыр. Осы ретте отандық ғалымдар QazVac вакцинасы коронавирустың 27 ақуызынан жасалғандықтан, түрлі мутацияға тиімді дейді.
«Қазақстандық вакцинада әлсіреген вирус бар. Сол вирустың ішінде басқа да протеин, ақуыздар бар. Мысалы, басында «N» деп аталса, кейін «М» деген жері бар. Егер сол вакцинаны тарататын болса, ол вирустың бүкіл көлеміне антидене жасайды. Ал осыған дейінгі «Файзер», «Модерна» сияқты екпелер бір ғана ақуызға жасалған», – деді Еуропадағы қазақ дәрігерлер қауымдастығының жетекшісі (Швейцария) Серік Тұрсын.
Бүгінде «омикрон» вирусы әлемнің 57 мемлекетінде анықталды. Ал Гонконг университетінің ғалымдары алғаш рет бұл штамның суретін жариялады. Аталған вирусты жұқтырған маймылдың бүйрек жасушасынан алынған сынаманы ұлғайтқан фотода тәж тәрізді ұштары бар қара нүктелерді байқауға болады. Осы ретте Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы апта соңына дейін Еуропада әрбір оныншы тұрғын коронавирусты жұқтырады деп болжап отыр. Алайда мамандар соңғы 1 жылда жүргізілген зерттеу жұмысына сүйене отырып, екпенің арқасында 469 мыңға жуық адамның өмірі аман қалғанын анықтаған. Сондықтан ревакциналау науқанына халықтың белсенді қатысқаны дұрыс деп есептейді. Бірақ міндетті вакциналауды енгізуге асықпауға шақырды.
«Міндетті вакциналауды енгізу мүлдем амал таусылған кезде немесе вакцина алған адамдар саны көзделген межеге жетпей жатқанда ғана қолданылуы қажет. Себебі халықты күштеп екпе алуға мәжбүрлеудің кері әсері бар. Біріншіден адамдар қоғамдық сенімді жоғалтады. Бұл иммундық деңгейге ықпал етуі мүмкін», – деді ДДСҰ Еуропалық өңірлік бюросының директоры Ханс Клюге.