Жаппай вакцинация: Б. Сағынтаев қала емханаларының жұмысымен танысты

Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі
Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі
Қала әкімі «Медсервис Плюс» компаниясы қоймасының жұмысын тексерді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда өз еркімен вакцина алуға ниеттілердің қатары артып жатыр. Бүгінде шаһарда 56 екпе егу пункті дайындалған. Коронавирус вакцинасын алу ерікті және ақысыз негізде жүргізіледі. Қала әкімі Бақытжан Сағынтаев аты жаман ауруға қарсы препараттың қабылдануы мен сақталуын қамтамасыз ететін инфрақұрылымдардың дайындығымен танысты, деп хабарлайды Almaty.tv.

Қала әкімі алдымен «Медсервис Плюс» компаниясы қоймасының жұмысын тексерді. Онда Спутник V вакцинасын сақтау үшін арнайы тоңазытқыштар алынған. Қажетті температура мен ылғалдықты бақылап отыру үшін 4 датчик бар, одан бөлек үш деңгейлі бақылау жүйесі жұмыс істейді.

«Мұнда барлық жағдай жасалған. Біздің мамандар осы тауарды қабылдап алу, сақтау, қажетті тізбекті үзбеу сынды маңызды мәселелерді жақсы меңгерген. Ол үшін қызметкерлер арнайы оқытудан өтті. Оның үстіне, біздің компанияның көпжылдық тәжірибесі вакцинаны тиісті деңгейде сақтау және жеткізуді толықтай қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», – деді  Қазақ фармацевтикалық компаниясының бизнесті дамыту жөніндегі директоры Саида Ерденбекова.

Осы уақытқа дейін бұл қоймаға 35 мыңнанан астам Спутник V вакцинасы келген. Техникалық ақаулар орын алған жағдайда қажетті температурада болуы үшін ол арнайы термоқорабқа салынады.

Сонымен қатар Бақытжан Әбдірұлы №7 қалалық аурухана жанындағы вакцина қоймасының жұмысын да бақылады. Ал келесі кезекте шаһар басшысы 36 емханадағы халыққа екпе егу жұмыстары қалай жүргізіліп жатқанымен танысты. Мұнда екі мыңнан астам адам коронавирусқа қарсы екпе алып үлгерген. Медициналық мекеме басшысының айтуынша, ерікті түрде алғысы келетін тұрғындар саны күн санап артып келеді.

«Біз түсіндірме жұмыстарын жүргіземіз. Емханаларда, тұрғын үй алаңдары мен әлеуметтік желілерде вакцинация туралы хабарлама таратамыз. Ал мейірбикелер тұрғындардың кез-келген сауалына жауап беруге дайын. Екпе алғаннан кейінгі кезең туралы да ақпарат береміз. Қазір тұрғындар вакцинаның маңыздылығын жақсы түсінеді. Екпе егуге ниеттілер өте көп», – деді №36 қалалық емхананың бас дәрігері Гүлжайнат Тілеген.

Коронавирусқа қарсы вакцинаны кез келген қала тұрғыны ала алады. Ол үшін тек мекенжай бойынша тіркелген емханада ғана емес, өзіңізге ыңғайлы кез-келген екпе егу пунктіне баруға болады. Алайда санитарлық талаптардың тиісті деңгейде сақталуы үшін дәрігерлер алдын-ала жазылуға кеңес береді. Ал Республика сарайының ішінде халыққа қызмет көрсететін бұл нүкте 3 күннен бері қарқынды түрде жұмыс істеп жатыр. Мекемеге бір мезгілде кіретін адамдар саны 10-нан аспауы керек. Кіреберісте дене қызуыңызды өлшеп, антисептик қолдануды талап етеді. Тіркеуден өткен тұрғындарға берілген арнайы нөмір  бойынша біртіндеп шақыртылып отырады.

«Интернет арқылы естіп, бүгін өз еркіммен келдім. Вакцина өзімнің денсаулығым үшін керек. Бірінші екпені салдырдым. Барлығын кезекпен кіргізіп жатыр. Бәрі жоғары деңгейде ұйымдастырылған», – деді қала тұрғына Таңатар Қарабаев.

«Ел қатары мен де келіп, өз еркіммен вакцина алдым. Өйткені мен өзімді ғана емес, ортаны да қорғауға атсалысуым керек. Вакцина салуда жұмыс жақсы жолға қойылған екен», – деді қала тұрғыны Әсімхан Максимханов.

Айта кетейін, екі күнде ерікті түрде коронавирусқа қарсы вакцинаны 16 мың 985 адам алып үлгерген. Алдағы үш ай ішінде бұл вакцинаның 750 мың дозасы келеді.

Жанар Ғаниқызы, Рәшид Шүкірәлиев, Сағынғали Мұңайтпасов «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров