ӨЖЖ аппаратына тәуелді болғанша, вакцина салғызған артық – коронавирустан емделіп жатқан науқастар

22.06.2021 21:51

Алматының инфекциялық стационарларына коронавирус жұқтырып, емделіп жатқандардың басым бөлігі осындай пікірде

Almaty.tv

Өкпені жасанды желдету аппаратына тәуелді болғанша, вакцина салғызғанымыз артық еді. Алматының инфекциялық стационарларына коронавирус жұқтырып, емделіп жатқандардың басым бөлігі осындай пікірде. Ауыр індетпен бетпе-бет келгенде ғана оның қаншалықты қауіпті екенін сезінгенін айтады. Almaty.tv тілшілері қаладағы ауруханалардың бірінің қызыл аймағында болып, науқастармен тілдесіп қайтты.

Алматыда коронавирус індеті сәл бәсеңсігенімен, босаңсуға әлі ерте. Осылай деген дәрігерлер әрбірімізді сақтық шараларын мұқият сақтауға шақырды. Өйткені, күнделікті қала ауруханалары дертке шалдыққандармен толығып жатыр. Изатима Жекенова атындағы қалалық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасың филиалына күніне 25-тен бастап 40-қа дейін індет жұқтырғандар түседі екен. РВ-90 инфекциялық ауруханасында ем қабылдап жатқан әрбір науқас біздің бастан кешкенімізді ешкім қайталамаса екен деп, індетті жеңудің бір ғана жолы вакцина алуға көпшілікті шақырды.

«Өте ауыр жағдайда түстім мұнда. Осындай нәрсені бастан кешіремін деп ойламаппын. Бұл өте ауыр індет. 4-5 күн бойына дене қызуым түспей қойды. Аппаратсыз сөйлей алмадым. Әрдайым қорғанып жүріңіздер дегім келеді», – деді қала тұрғыны Гүлхан Жұмаева.

«Я готовилась к операции на глаза, поэтому и не делала вакцину. У нас вся семья уже вакцинирована. Я поставлю вакцину, потому что помогает», – деді Ләйлә Нұрғалиева.

Вакциналау науқаны басталғалы шаһарда 380 мыңнан астам адам екпе салғызды. Олардың 47 мыңға жуығы 60 жастан асқан қарт кісілер. Ал, бір тәулік ішінде 5 мың 42 адам вакцина алыпты. Ковидпен ауыратындар санының айтарлықтай азайғанын ақ халаттылар дәл осы вакциналау науқанымен байланыстырып отыр. Екпе салғызғандар көбейген сайын, ауруханаға түсетіндер саны едәуір төмендепті.

«Науқастардың санының азаюы – халықтың белсене вакцина алуға құлшынысы. Яғни, вакцина алғандар көбейген сайын, бізге түсіп жатқан науқастардың саны азайып келе жатыр. Сол себепті Алматы қаласының тұрғындарын вакцина алуға шақырамын. Бір күнде түсетін науқастар саны орташа есеппен 25 пен 40-тың аралығында», – деді И. Жекенова атындағы қалалық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасы филиалының қабылдау бөлімінің меңгерушісі Нұрсұлтан Намазбаев.

Айта кетейік, әлемде тарап жатқан «Дельта» үлгідегі вирустың жұғу қаупі қазіргі штаммдармен салыстырғанда 60 пайызға жоғары екені дәлелденді. Дәл осы вирустың кесірі Алматыға қатты тиюі мүмкін деп дәрігерлер де қауіптеніп отыр. Сондықтан мамандар коронавируске қарсы екпе алудың маңызды екенін естертуден жалықпаймыз дейді.

Сая Меңдеке, Мақсұтжан Манасов, «Алматы» телеарнасы