Коронавирус вакцинасы кімдерге міндеттелді

09.07.2021 01:40

Коронавирус вакцинасын алу Конституцияға қайшы келмейді

almaty.tv

Елімізде медициналық қарсы көрсетілімдері жоқ, Қазақстан аумағында тұратын жеке тұлғалар инфекциялық және паразиттік ауруларға қарсы екпелерді алуға міндетті. Олардың қатарында коронавирус вакцинасы да бар. Бұл жөнінде Денсаулық сақтау Кодексінде көрсетілген. Бүгін Әділет министрлігінің мамандары Заңның талаптары туралы ақпарат таратты. Толығырақ Almaty.tv тілшісі Асылбек Тойбек тарқатады.

Коронавирус вакцинасын алу Конституцияға қайшы келмейді. Әділет министрлігі Денсаулық сақтау Кодексіне сүйеніп оған айғақтар келтіреді. Мысалы, коронавирусқа қарсы профилактикалық екпе жасау міндеті туралы Үкіметтің 2020 жылғы 24 қыркүйектегі №612 қаулысында айтылған. Ал, Конституцияның 31-бабында «Мемлекет адамның өмір сүруі мен денсаулығына қолайлы айналадағы ортаны қорғауды мақсат етіп қояды» делінген.

«Міндетті қойылатын екпелердің аурулар тізімі Үкімет Қаулысымен бектілген. Тоқталатын болсақ, осы жылдың наурыз айында тізім толықтырылған болатын. Тізімге КВИ ауруына қарсы екпе де қосылған... 31-бабқа оралатын болсақ, егер адамның денсаулығын сақтау үшін адамдардың құқықтары мен бостандықтары шектелуі мүмкін деген болатын. Сондықтан осы нормаларды және Кодекстің нормаларын басшылыққа алатын болсақ, құқықтық негіздеме бар деп жауап бере аламыз», – деді ҚР Әділет министрлігі заңнама департаментінің директоры Алма Мұқанова.

Қазақстанда қызмет көрсету саласының қызметкерлері, сондай-ақ 20-дан астам адамы бар ірі ұжымдардың қызметкерлері вакцинаның бірінші компонентін 15 шілдеге дейін, ал екінші компонентін 15 тамызға дейін алуға міндеттелді. Егер жұмыс беруші вакцина алмаған қызметкерді жұмыс орнына жіберсе, онда оған айыппұл салынады. Атап айтар болсақ, Жеке тұлғаларға – 14 585 теңге, лауазымды тұлғаларға – 43 755, Шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – 291 700 теңге, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 583 400, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 1 458 500 теңге айыппұл белгіленді. Яғни, бұл жағдайда қызметкер емес, жұмыс беруші жазаланады. Бұдан бөлек, «қызыл» статусы барын біле тұра оқшаулау талабын сақтамағандар да айыппұл арқалайды.

«Бүгінде қызыл және сары мәтрбесі бар азаматтар оқшаулану талаптарын сақтамай жатыр. Мәселен, «Ашық» қосымшасы арқылы 12 мыңнан астам адам анықталды.  Оның ішінде 6 мыңға жуығы коронавируспен ауырып жүрген науқастар болып шықты. Енді қызыл статусы бар азамат талапты елемей қоғамдық орындарда немесе қаладан-қала жүретін болса, әкімшілік жазаға тартылады. Дәлірек 30 АЕК көрсеткіш, яғни 87 мың 500 теңге көлемінде айыппұл салынады», – деді ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Марат Шоранов.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметіне сәйкес, тексеріс шаралары 15 шілдеде басталады. Бірақ ол кезде жұмысшылардың бірінші компонентті қабылдау жағы тексеріледі. Ал 15 тамыздан кейін жаппай тексерістер басталады. Денсаулық сақтау вице-министрінің айтуынша, қазіргі кезде Қазақстанда вакцинаның көлемі жеткілікті. Бүгінде бірінші компонентпен 4 миллион 20 мың адам, екінші компонентпен - 2 миллион 283 мың адам егілген.

Асылбек Тойбек

Айыппұл көлемі:

Жеке тұлғаларға – 14 585 теңге;

Лауазымды тұлғаларға – 43 755 теңге;

Шағын кәсіпкерлік субъектісіне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – 291 700 теңге;

Орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 583 400 теңге;

Ірі кәсіпкерлік субъектісіне – 1 458 500 теңге.