Алматыда вакцинациялау пункттері демалыссыз жұмыс істеп жатыр

Almaty.tv
Almaty.tv
Шаһарда өзара келісіп, топ болып екпе алып жатқан ұйым қызметкерлерінің қатары артып келеді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Коронавирустың жұғу ауқымы кеңейген сайын, оның жаңа нұсқалары да көбейе береді. Осылай деген Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өкілдері әлем халқын вакцина салдыруға шақырды. Айтуынша, қазіргі белең алып бара жатқан дельта штаммының жолын кесудің жалғыз жолы – екпенің екі компонентін алу. Осы ретте республикамызда мекеме қызметкерлерін міндетті түрде вакциналау қолға алынды. Еске салсам, еліміздің бас санитарлық дәрігерінің қаулысы бойынша епкенің алғашқы дозасын 10 тамызға дейін алуы керек.

Шаһарда өзара келісіп, топ болып екпе алып жатқан ұйым қызметкерлерінің қатары артып келеді. Мәселен, қаладағы кинотеатр желісі ұжымының 70 пайыздан астамы толық вакциналаудан өткен, деп хабарлайды Almaty.tv.

Күніне жүздеген киносүйер қауымды қабылдайтын мамандар өзін және жақындарын кеселден қорғау үшін бірауыздан осындай шешімге келіпті.

«Анам былтыр коронавируспен ауырды. Денсаулығы нашарлап, оттегі аппаратына қосылып, 3 апта ауруханада жатты. Осындай жағдайдың алдын-алу үшін ата-анам да, мен де вакцина алдық», – деді кинотеатр қызметкері Арзыгүл Норозова.

Елімізде жаппай вакциналау науқаны басталғалы 733 мыңнан астам алматылық иммундау шарасынан өткен. Бұл – республика бойынша ең жоғарғы көрсеткіш. Бір ғана Наурызбай ауданындағы №26 қалалық емханада наурыз айынан бері 14 мыңға жуық адам вакцина алыпты. Ал, күніне мұнда 300-ден аса тұрғын келеді екен.

«Негізі ауырдым. Бірақ қайтадан ауырғым келмейді. Сондықтан вакцина саламын деп шештім. Сонымен бірге, оқуға да баруға мүмкіндік болады деп ойлаймын», – деді Наурызбай ауданының тұрғыны Құралай Бағланбекова.

«Біздің денсаулығымыз үшін вакцина алу керек. Біздің ұрпағымыз үшін, біздің өміріміз үшін», – деді Наурызбай ауданының тұрғыны Ақжан Айтбаева.

Қазір қала бойынша 167 егу пункті демалыссыз жұмыс істеуде. Барлық вакциналау орындарында ресейлік «Спутник-V» және отандық «QazVac» препараттары қолжетімді.

«Алам деуші адамдарға күнделікті вакцина бар. Алматы қаласының тұрғындарын жалпы қай емханаға тіркелгеніне қарамай, вакцина алам деушілер болса, күнделікті шақырамыз. Күнделікті таңғы сағат 08.00-ден кешкі 20.00-ге дейін осында вакциналау пункттері жұмыс істейді», – деді №26 қалалық емхананың жалпы тәжірибелік дәрігері Керемет Абдуллаева.

Еске салсам, демалыс күндері сауда орталықтарындағы вакциналау пункттері жұмысын тоқтатпайды. Қаланың барлық егу орыны демалыссыз жұмыс істеп жатыр. 

Сымбат Ноғай, Мұрат Тайжанов, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров