Вакцинаның жаңа партиясы жақын күндері келеді – Нариман Табынбаев

05.04.2021 01:43

Жұқтыру бойынша антирейтингте Алматы қаласы көш бастап тұр

almaty.tv

Елімізде өткен тәулікте 2054 адамнан коронавирус инфекциясы анықталды. Оның 572-сі Алматыдан табылды, ал 4 адам індет салдарынан көз жұмды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Жұқтыру бойынша антирейтингте Алматы қаласы көш бастап тұр. Қала қызыл аймақта болғандықтан эпидахуал мәселесі әлі де күрделі. Қалалық бас санитар дәрігердің соңғы шыққан қаулысына сәйкес үлкен сауда орталықтары мен базарлар кері ашылатын болды. Тек, демалыс күндері ғана жабық. Ал, ойын-сауық орталықтарында орналасқан қоғамдық тамақтану орындары мен сұлулық салондарына да рұқсат етіліп, келушілер саны 50 пайыздан аспау керек. Қоғамдық көліктер штаттық кестеге сай маска режимін сақтай отырып  жұмыс істейді. Мәдени орындар мен театрлар, спорттық шаралар мен жаттығу залдары уақытша жұмысын тоқтатады. Ал, қалалық қоғамдық денсаулық басшысы бүгін брифинг өткізіп, жақын арада вакцинаның жаңа партиясы келетінін айтты.  

«Вакцинаның жаңа партиясы 3-4 күннен кейін келеді. Жаңа партияны алғанға дейін вакцина салуды шектей тұруға тура келеді. Қалған бөлігін Денсаулық сақтау министрлігі ұсынған адамдар контигентіне салуға тырысамыз. Ертең де вакцина салу жалғасады», – деді қалалық қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Нариман Табынбаев.