Өңірлердің арасынан екпе салу қарқыны бойынша Алматы қаласы көш басында
Ел бойынша 5 миллионға жуық қазақстандық вакцинаның екінші компонентін алды. Ал, өңірлердің арасынан екпе салу қарқыны бойынша Алматы қаласы көш басында. 823 мың 223 алматылық екпенің бірінші компонентін алса, 648 мың 959 шаһар тұрғыны екінші компонентін салдырды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Қымбат Даниярқызы қалалық №26 емханада медбике болып қызмет етеді. Денсаулық сақшысы күні бойы тұрғындарды қабылдап, екпе салады. Оның сөзінше, емханадағы вакцинация пунктіне тәулік ішінде 150-200 тұрғын келеді екен.
«Вакцинация басталғалы бері осының басындамын. Өзімнің қасымда қыздарым бар көмектесетін. Енді кішкене қиындау. Өйткені адамдар келіп, кейбіреуі сұрайды, кейбірі қорқады, кейбірі қорықпайды», – деді қалалық №26 емхананың медбикесі Қымбат Айдархан.
Қалалық №26 емханадағы егу пунктінде «Синофарм» компаниясы өндірген Вера Селл мен Ресейлік Спутник V вакцинасы салынып жатыр. Дәрігердің айтуынша, соңғы айда өз еркімен екпе алуға келетіндер қатары көбейген. Соған қарағанда көпшілік бұл індеттің қаншалықты қауіпті екенін түсінген сияқты.
«Өздері сұранып келіп жатқан халық саны көп. Біз сенбі-жексенбі, мейрам күндерінде де қарамастан осы екпе жұмыстарын жүргізіп жатырмыз», – деді қалалық №26 емхананың эпидемиолог-дәрігері Тұрсынгүл Рахметова.
Өткен тәулікте қала бойынша екпенің бірінші компонентін 6 мың 27 алматылық салдырса, екінші компонентін 5 мың 445 тұрғын алды. Ал, жаппай имунитет қалыптасу үшін қос доза толық салынып бітуі керек.
Оразай Нұртай, Мейрам Исабеков, «Алматы» қаласы