Еш жерім ауырған жоқ: 91 жастағы әнші Бибігүл Төлегенова вакцинадан кейінгі жағдайын айтты

20.05.2021 02:46

Бірінші ақпаннан бері жалпы 277 мыңнан аса алматылық екпе алған

Almaty.tv

Алматыда бір тәуліктің ішінде 3 мыңнан аса қала тұрғыны COVID-19 вацинасын салдырды. Ал бірінші ақпаннан бері жалпы 277 мыңнан аса алматылық екпе алған. Айта кетейік, олардың 30 мыңнан астамы егде жастағы қарт кісілер. Әріптесім алматылықтарды жаппай иммундау қалай жүріп жатқанын біліп қайтқан еді. Almaty.tv тілшісінің бейнематериалын көріңіз.

Қазақстандықтарда үш препараттың ішінен коронавирус вакцинасын таңдау мүмкіндігі бар. Жалпы 25 сәуірден бері  3000 адамның таңдауы QazVac вакцинасына түскен. 3 мамырда қытайлық Sinopharm вакцинасының 15 000 дозасы жеткізілген, оның бірінші компоненті 4790 адамға егіліпті.

Бұл вакцинация пунктінде сәуір айынан бастап 4000-нан астам дам вакцина салдырып үлгерген. О баста QazVac және Cпутник-V  вакцинаcы салынса, қазіргі таңда Hayat-Vaх вакцинасы екпесі әкелінген.

«Әрбір адам егу алмастан бұрын бірінші дәрігердің алдынан өтеді. Дәрігер оның толықтай анамнезін сұрап шығады. Қандай аурулар болған алдын ала, қандай дәріге немесе вакцинаға қарсы көрсетілім бар ма, жалпы қандай қарсы көрсетілімдер бар, қан қысымын, дене қызуын өлшейді», – деді  №7 қалалық клиникалық аурухана бас дәрігерінің орынбасары Нұрбол Жұмабеков

Мамандар барша жұртты вакцина алғызуға шақырады. Себебі індетті іргеден алыстатудың жалғыз амалы осы.

«Мен бүгін осы орталыққа келіп, екінші реткі вакцинасын қабылдадым, бірінші реткі вакцинанны мен 28 сәуірде алғам. Барлығы жақсы, ешқандай бір ыңғайсыз, қолайсыз жағдай жоқ. Ешқандай ауру белгілері де байқалған жоқ. Температура, ешнәрсе болған жоқ», – деді қала тұрғыны Сұлтан Ерқанат.

«Мен бүгін вакцинаның екінші компонентін салдырдым. Өзімді жақсы сезініп тұрмын. Бұл өз денсаулығымды өзгелердің денсаулығын сақтап қалудың жолғыз жолы деп білемін», – деді қала тұрғыны Виктория Максимович.

Халықты жаппай вакцинациялау арқылы ұжымдық иммунитетке қол жеткізуге болатынын қазақ ән өнерінің бұлбұлы да растап отыр.

«Бізде қазір жағдай өте қиын, сондықтан қазір баршаларымыз жұмыла отырып вакцина алуымыз керек. Мен 14 мамырда 2-компонентін алдым, құдайға мың шүкір, ешбір жерім ауырған жоқ. Ауруды сезген де жоқпын», – деді  КСРО және Қазақстанның халық әртісі Бибігүл Төлегенова.

Бүгінгі таңда шаһарда медициналық ұйымдарда, мектептерде, мәдениет, спорт объектілерінде, базарларда және қаланың  сауда ойын сауық орталықтарында 214 вакцинация пункті жұмыс істеп тұр. Ал 315 бригадаға 1 282 медицина қызметкерлері жұмылдырылған.

Назгүл Әмірбек, Мұрат Тайжанов, «Алматы» телеарнасы