Ashyq қосымшасында балалардың мәртебесі көрсетіле ме

24.11.2021 03:23

Жасөспірімдердің екпе алғаны туралы мәлімет оның екпе паспортындағы жалпы тізімде жазылады

atpress.kz

Қазақстанда әзірге оқушыларға вакцина құжаты берілмейді. Жасөспірімдердің екпе алғаны туралы мәлімет оның екпе паспортындағы жалпы тізімде жазылады. Бұл туралы «Тенгриньюс» ақпараттық порталы Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың сөзіне сілтеме жасап мәлімдеді. Алайда бұған дейін аталған құжатты әзірлеу және мүлдем егілмеген оқушылардың құқығын шектеу мәселесі қарастырылып жатқаны хабарланған болатын, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.    

Еліміздің Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың айтуынша, қазір дәрігерлер оқушының екпе алғаны туралы мәліметін баланың туылғаннан бері болатын егу құжатына енгізіп қояды. Негізі бұл паспортта кез келген адамның қызылша мен көкжөтелге қарсы егілгені туралы ақпар болады. Дәл сол жерге келесі екпе коронавирусқа қарсы салынғаны жазылады. Сондықтан «Ашық» қосымшасында балалардың мәртебесі тіркелмейді екен. Бірақ министр бүгінге дейін иммундалған балаларда жағымсыз реакция болмағанын алға тартты. Осы ретте жеткіншектерді егуді жалғастыру үшін өткен жұма күні елге «Файзер» екпесінің екінші партиясы жеткізіліпті.

«Қазақстанға «Файзер» екпесінің 645 мың дозасы келген. Бүгінде бұл екпені тегін алуға құқылы 35012 адам алып үлгерді. Олардың ішінде 26 мың 354-і жасөспірім болса, 8658-і – аяғы ауыр және бала емізетін әйелдер. Елге америкалық вакцина алдағы уақытта да апта сайын жеткізіліп отыратын болады», – деді ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой.

Сондай-ақ Алексей Цой елде вирустардың аса қауіпті штамын сақтайтын зертхана салу жоспарланғанын мәлімдеді. Жерасты қоймасы бар лаборатория Қордай ауданы Гвардейский кентінде бой көтермек. Әзірге пысықталып жатқан бұл бастама мемлекет тарапынан қаржыландырылады екен. Егер жоба жүзеге асса, вирустың мутацияларына қарсы жаңа екпе жасап шығаруға мүмкіндік туады. Ал қазір елде 6 түрлі вакцина бар және халықтың 43 пайызы, яғни 8 миллионға жуық қазақстандық иммундалып үлгерді. Дегенмен Үкімет басшысы Асқар Мамин әлі де егу қарқынын арттыру қажет дейді.

«Вирустың таралу деңгейі шекаралас мемлекеттерде өскенін ескерсек, біз санитарлық талап-шараларды сақтауға тиіспіз. Әсіресе, шекара маңындағы өңірлер эпидемиологиялқ бақылауды тұрақты ұстауы қажет. Коронавирус инфекциясынан қорғанудың маңызды тәсілі вакцинация болып табылады. Сондықтан оның қарқыны одан әрі ұлғайту керек», – деді ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин.

Бүгінде Алматы қаласында балаларды вакциналау белсенді жүріп жатыр. Тек Түрксіб ауданындағы 30 мектепте 12 мен 17 жас аралығындағы 740 оқушы «Файзер» екпесін алып үлгерді.  

Қазір елімізде күн санап науқастар қатары азайып келеді. Соңғы тәулікте 769 отандасымыздан вирус анықталды. Бұл көрсеткіш бір апта бұрын екі есеге көп еді. Дегенмен кейбір мемлекеттерде індет қайта өршуде. Мәселен, Германия бірқатар өңірінде екпе алмағандар үшін түнгі коменданттық сағат пен локдаун енгізді. Дәл осындай қатаң шара Кипрде де қолданылуы мүмкін. Онда антиваксерлер бір апта ішінде екпе алып үлгермесе, карантин қатаңдатылады. Ал Канадада балалар енді 5 жастан бастап вакциналанбақ.     

Аяулым Көлжігіт, «Алматы» телеарнасы