Бүгін Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой есептік кездесуінде қашан және қандай жағдайда локдаун жарияланатынын айтты. Сонымен қатар, таяу арада қазақстандықтарға араб және америкалық вакциналар салына бастайды. Бұл екпелер қаншалықты қауіпсіз? Жалпы елімізде вакцинациялау науқаны қалай жүріп жатыр? Almaty.tv тілшісі Асылбек Тойбек тарқатады.
Екпе – ауіпті дерттен қорған. Сол себепті елімізде вакцинациялау науқаны қызу жүріп жатыр. Бүгінде вакцина алғандар саны 1 миллион адамнан асқан. Препараттың 2 бөлігін де салдырған тұрғындар бойынша алдыңғы орында Алматы қаласы тұр. Одан кейінгі орында: Алматы және Түркістан облыстары. Ал, қазақстандық вакциналау паспорты шетелде қаншалықты өзекті болады?
«Бұл мәселе қазіргі кезде шетелде талқыланып жатыр. Қозғалысты шектеу бойынша әлемде нақты бекітілген нормативтік құжаттар жоқ. Сондықтан бұл мәселе қарастырылуда. Қазақстанда өзіміздің ақпараттық жүйені әзірледік. Қазір әрбір азаматта екпенің екі дозасын алғаннан кейін, вакциналаудың электронды паспорты берілуде. Егер халықаралық заңнамаға өзгеріс енгізілсе, біз интеграцияға әзірміз», – деді ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой.
Енді Қазақстанға араб вакцинасы жеткізілмек. Министрдің сөзінше, бұл екпе «Синофарм» компаниясының қытайлық технологиясымен өндірілген. Осылайша халық үшін үш вакцина қолжетімді болады деп жоспарланып отыр. Қазір америкалық компаниялармен де тиісті келіссөздер жүргізіліп жатыр екен. Алексей Цой Қазақстанда адамдардың қай санаттарына вакциналау ақысыз болатынын айтты.
«Қазіргі кезде вакциналау Қазақстан азаматтарына, елде тұруға ықтиярхаты бар және ел аумағында тұрақты тұрып жатқан адамдарға тегін жүргізіледі. Бұдан бөлек, кеше коронавирус инфекциясына қарсы іс-қимыл жөніндегі Ведомствоаралық комиссия отырысында тиісті шешім қабылданды. Осы орайда ұжымдық иммунитетті қамтамасыз ету үшін ел ішінде үш айдан астам уақыт жүрген шетелдік студенттер мен еңбек мигранттары ақысыз екпе алады», – деді ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой.
Бүгінгі таңда елімізде төтенше жағдай енгізу мәселесі қарастырылмаған. Бұл тұрғыда оны енгізу талабында күрделі санитарлық-эпидемиологиялық ахуал мен ауруханалардағы орындардың жүктемесі 70 пайыздан асқан кезде ескеріледі деді министр. Ал, қазіргі уақытта инфекциялық орындардың жүктемесі 42 пайызды, реанимациялық орындардың жүктемесі 29 пайыз. Дәрілік заттар қоры да 2 айға жетеді.
Асылбек Тойбек