Елімізде вакцина алғандар саны 7 миллионнан асты: Алматы көш бастап тұр

15.09.2021 02:01

Ақпан айынан бері 914 мыңға жуық адам вакцина салдырған

Фото: Серикжан Ковланбаев

Елімізде вакцина алғандар жалпы саны 7 миллионнан асты. Екпе алғандардың тізімінде Алматы көш бастап тұр. Мұнда ақпан айынан бері 914 мыңға жуық адам вакцина салдырған. Шаһарда вакцинаның қай түрі қолдынылып жатыр? Алматыдағы ахуал қандай? Almaty.tv тілшісі Мадина Оқас жалғастырсын.

Қала бойынша бір тәулікте алғашқы компонентті 3085 алматылық, ал 2-компонентті 4640 тұрғын салғызған. Басқа қалалармен салыстырғанда бұл әлдеқайда жоғары көрсеткіш. Қазір мегаполисте екпенің 3 түрі бар. Олар: Спутник V, QazVac және Vero Cell. Айта кету керек, тұрғындардың вакцина алудағы белсенділігі жоғары болғанымен, ел арасында «Екпе вирустан қорғамайды», деген екіұшты пікір бар.

Блиц:

- Вакцинаны алдым, иә. 12-сі күні вакцинаны алам, содан ауырдым мен.

- Екі компонентін де алдыңыз ба?

- Екеуін емес, біріншісін алдым.

Мамандар мұндай жағдай ағзаның антидене қалыптастырып үлгеруімен тікелей байланысты дейді. Яғни, ұжымдық иммунитет тек екпенің екі компонентін толық алғанда түзіледі. Ал, өткен айда вакцина ала тұрып, вирус жұқтырғандар 0,2%. Ресми ақпарға сүйенсек Спутник V-ден кейін 10 мың 608 адам, Hayat-Vax екпесінен 1330 ел азаматы коронавирусқа шалдыққан. Бұл көрсеткіште ең төмен деңгейді QazVac көрсетіп тұр.

«Көп елдерде вакцина шығарылған жоқ. Бұл көбінесе вакцинаны әлемнің көшбасында тұрған елдер шығарды. Ал, Қазақстан да сол мықты елдерден қалыспай, вакцина шығара алған елдердің бірі. Вакцинаны салып, ауырып қалған адамдардың өзі де реанимацияға немесе өте ауыр жағдайға жете қоймайды. Жеңіл дәрежеде немесе орташа дәрежеде аман-есен өтіп шығады», – деді И.Жекенова атындағы қалалық жұқпалы аурулар ауруханасы инфекция бөлімінің меңгерушісі Абзал Малбасқанов.

Вакцинаның қай түрі болмасын, организмді белсенді әрекет етуге дайындайды, әрі иммунитетте антиденелерді қалыптастырады. Қайта жұқтыру қаупі тек иммунитеттің сақтану деңгейімен байланысты, сондықтан емнің екпеде екенін ескеру керек. Айта кетейік, өткен тәуліктің өзінде қала аумағында 611 адам вирус жұқтырған. Ал, инфекциялық стационарларда жалпы 3078 адам емделіп жатыр.

Мадина Оқас, Қасымхан Талғатұлы, «Алматы» арнасы