Бұл туралы Қазақстан репродуктивті медицина қауымдастығының президенті Вячеслав Локшин айтты
Вакцинаның генетикалық әсері жоқ, уақыт өте келе өздігінен ыдырап кетеді. Бұл туралы Қазақстан репродуктивті медицина қауымдастығының президенті Вячеслав Локшин айтты, деп хабарлайды Almaty.tv
Әйел адам аяғы ауыр екенін білмей, екпе алса да еш қауіптілігі жоқ дейді ғалымдар. Тіпті, бұл керісінше өзінің де болашақ баласы үшін пайдалы. Себебі, ананың бойында қалыптасқан антидене баласына да өтеді. Соңғы кезде ел арасындағы алып-қашпа әңгімелерге ғалымдар тұжырымдама жасады.
Қоғамда вакцинация төңірегінде түрлі әңгімелер тарап жүргені жасырын емес. Соның бірі екпе бедеулікке алып келеді десе, енді бірі қатерлі ісік ауруын туғызуы мүмкін екенін айтады. Ғалымдар мұның бәрі негізсіз ақпарат деп отыр. Себебі, оның ешқайсысының ғылыми дәлелдемесі жоқ. Екпе алғаннан соң, ағзадағы антидене 21 күнде түзіледі екен.
«Бастапқыда екпе алған әйел адам 6 айға дейін жүктілікті жоспарламау керек деген ақпарат айтылды. Нәтижесінде мұның ғылыми дәлелдемесі жоқ болып шықты. Вакцина салдырған соң, бір ай өткеннен кейін де жүктілікті жоспарласа болады. Бұл болашақ баласы үшін пайдалы болмаса зияны жоқ. Себебі, ертең анасы баласын емізгенде де денедегі антидене сүті арқылы баласына өтеді. Сәйкесінше балада кішкене кезінен бастап ағзасында қорғаныс күш қалыптасады», – деді Қазақстан репродуктивті медицина қауымдастығының президенті Вячеслав Локшин.
Онкологиялық аурумен науқастанған жандарда қауіпті індет өте ауыр өтеді дейді дәрігерлер. Себебі, олар химиотерапиялық ем қабылдағандықтан, ағзасында иммунитет әлсірейді екен. Ал, иммундық жүйесі әлсіз адамның коронавирусты жұқтыру қаупі аса жоғары.
«Науқас химиотерапия қабылдаса, оған вакцина алуға болмайды. Себебі ол өте күрделі ем. Ол иммундық дәрежеге әсер етуі мүмкін. Вакцинаның өзінің де ешқандай жақсы әсері болмайды. Онологиямен ауырған науқастарға вакцина алуға болады бірақ, дәрігердің кеңесімен», – деді Қазақ онкология және радиология институтының басқарма төрайымының орынбасары қызметін атқарушы Бақытжан Оңғарбаев.
Литвалық вирусолог та, адамдардың басым көпшілігі жұқпалы ауруға қарсы ұжымдық иммунитетке ие болса, аурудың таралуы тоқтайды деп отыр. Иммундық жүйе ағзаның генетикалық құрамының тұрақтылығы үшін күреседі. Ал ұжымдық иммунитетті қалыптастырудың негізгі жолы вакцина екендігін айтады.
«Коронавирусқа қарсы иммунитеттің пайда болу принципі басқа вирустармен бірдей. Сондықтан ағзаға егілген вакцинаның жалғыз ғана атқаратын жұмысы бар Ол – сырттан төнген жұқпалы дертке төтеп беру. Вакцина әзір ғана әлемдік әдіспен жасалады. Оның құрамында аденавирус және коронавирустың ақуызынан тұрады. Оның адам денсаулығына кері әсер етуі мүмкін емес», – деді вирусолог Саулиус Каплинкас.
Қазір елде вакцинаға қатысты екі түрлі пікір бар. Бірі өз денсаулығының қауіпсіздігі үшін емханаға асықса, енді бірі екпеге әлі де күдікпен қарайды. Мамандар, қандайда бір ақпаратқа сенбес бұрын, білікті ғалымдардың тұжырымдамасын оқуды сұрайды.
Ұлағат Арғын, Ғани Қалуов, Ялкунджан Әшімжанов «Алматы» телеарнасы