Жыл соңына дейін «Спутник V» екпесінің 50 мың дозасын алып келу жоспарланып отыр
Елде вакциналау қарқыны қандай? Қазақстанда коронавирусқа қарсы екпенің бірінші компонентін 7 716 723 адам ектірсе, екінші компонентін 6 671 959 адам салдырды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Соның ішінде, Алматы қаласында екпенің екі мөлшерлемесін де 878 мыңға жуық адам алған. Халықтың екпе алуға белсенділік танытқаны соншалық, тіпті кейбір емханалар мен егу пункттерінде «Спутник V» екпесі бітіп қалған.
Қазақстанда COVID-19 екпесінің екі компонентін алғандар саны:
Нұр-Сұлтан - 394406
Алматы - 877749
Шымкент - 430960
Ақмола облысы - 254646
Ақтөбе облысы - 280511
Алматы облысы - 668582
Атырау облысы - 190859
ШҚО - 606227
Жамбыл облысы - 370998
БҚО - 198942
Қарағанды облысы - 467927
Қостанай облысы - 290511
Қызылорда облысы - 261420
Маңғыстау облысы - 134848
Павлодар облысы - 273526
СҚО - 220532
Түркістан облысы - 749315.
«Спутник V» екпесі қаладағы 20 емханада таусылып қалды. Алайда, басқа егу пункттерінде бар. Жылдың соңына дейін вакцинаның 50 мыңға жуық жаңа дозасын алып келу жоспарланып отыр. Қазір бізде QazVac, Verocell екпелері бар. Бірақ айтарлықтай екпе тапшылығы болған жоқ. Яғни, емханаға вакцина алуға келген адамдар екпенің қалаған түрін салдыруына мүмкіндік бар», – дейді Алматы қаласының штаттан тыс эпидемиологы Эльвира Ибрагимова.
Дәрігерлер «Ауырып, ем іздегенше, ауырмайтын жол іздеген» абзал дейді. Карантин жеңілдетілді деп, арқаны кеңге салатын уақыт жеткен жоқ. Тек екпе салдырып, қоғамдық иммунитет қалыптастыру арқылы індетті жеңуге болады.