Дәрігер: «Иммунитетім мықты» деп вакцина алмау қауіпті

11.06.2021 02:09

Жалпы дәрігерлер вакцинаның адам денсаулығына пайдасы болмаса зияны жоқ екенін айтады

«Иммунитетім мықты» деп вакцина алмау қауіпті. Отандық иммунологтар вакцинаға қатысты айтылып жүрген түрлі аңыз әңгімелерге қатысты пікір білдірді. Медицина мамандары коронавирус екпесінің адам келешегіне еш зияны жоқ екенін алға тартады, деп хабарлайды Almaty.tv

Шаһарда вакцинациялау процесі тұрақты жүріп жатқанына қарамастан әлі де екпеге екіұдай қарайтындар көп. Алайда мамандар халыққа дұрыс ақпар беруден талмайды. Мәселен жұрт ішінде вакцина алғаннан кейін біраз уақыт өткен соң адамның өзіне тән иммунитеті әлсіреп, екпеге тәуелді болып қалады деген пікір қалыптасқан. Иммунолог Эльмира Битанова оның қате екенін айтады. Сөзінше егер эпид ахуал тұрақталатын болса онда вакцинаны қайта алудың қажеті болмайды. Сондай-ақ маман иммунитеті жақсы адамдарға да екпе алу артық етпейтінін айтады.

«Латентті кезең дейді. Жұққаннан кейін біраз уақыт білдірмейді, белгісін бермейді. Сондықтан жас, иммунитетім жақсы деп ойлап жүрген адамдарға бұл өте үлкен қауіп төндіреді. Себебі өкпеде айқын ауыр өзгерістер болған кезде ғана, әсіресе созылмалы ауруы жоқ, дәрігерге жүгінбейтін адамдар көп жағдайда уақытты өткізіп алып жатады», – деді С.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ иммунология кафедрасының меңгерушісі, медицина ғылымдарының кандидаты Эльмира Битанова.

Ал антиденесі бар адамдар ауырып жазылғаннан кейін 6 айдан соң вакцина алған абзал дейді  мамандар. Осы тұста ағзадағы антидене мөлшерін дұрыс анықтау маңызды. Сондықтан дәрігерлер антидене сынамасын оңды-солды тапсырып өз бетіңізбен тұжырым жасамауға шақырады. Сонымен қатар созылмалы аурулары бар адамдарға вакцина алуға болмайды деген пікір де қате деп санайды ревматолог Ғалымжан Тоғызбаев.

«Дені сау адамға вакцина салғанға қарағанда, ревматикалық ауруы бар адамдарың иммунитеті төмен болады. Сондықтан оларға біз вакцина жасау керектігін айтамыз. Бірақ аурудың қозу сатысы, өршу сатысы егер жоғары болатын болса онда біз оны ұсынбаймыз», – деді Қазақ ревматология қауымдастығының төрағасы, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің штаттан тыс бас ревматологы Ғалымжан Тоғызбаев.

Жалпы дәрігерлер вакцинаның адам денсаулығына пайдасы болмаса зияны жоқ екенін айтады. Сондықтан індетпен ауырмаудың жолы – тек екпе салдыру және санитария шараларын қатаң ұстану болып отыр.

Назкен Еркін, Арсен Сандыбаев «Алматы» телеарнасы