Алматы тұрғындарының ұжымдық иммунитеті 40 пайызға жетті

27.07.2021 02:12

Мегаполистегі ушығып кеткен эпидахуалды жеңу үшін бұл көрсеткіш кем дегенде қанша пайыз болуы керек?

Алматы тұрғындарының ұжымдық иммунитеті 40 пайызға жетті. Алайда мегаполистегі ушығып кеткен эпидахуалды жеңу үшін бұл көрсеткіш кем дегенде 70 пайыз болуы керек. Осылай деген қалалық санитариялық-эпидемиялогиялық департаменттің басшысы Жандарбек Бекшин алматылықтарды вакцина алуда белсенділік танытуға шақырды. Ал, халқының басым бөлігі екпе алған елдердегі жағдай қандай? Бұл аймақтардағы жаппай вакцина салдыру ковидтік ахуалға қалай әсер етуде? Тақырыпты Almaty.tv тілшісі Сымбат Ноғай тарқатсын.

«Қанша адамдар ауырып жатыр дейді. Арасында вакцина алғандар да бар. Не үшін керек вакцина бәрібір ауыратын болса?!».

«Қаншама салдырғандар сол ковидпен ауырып жүр қайтадан. Сақтайды дегені қайда?!».

Қазір әлеуметтік желіде отандастастарымызды осы бір мәселе алаңдатуда. Ал дәрігерлердің айтуынша, вакцина індеттің алдын алуға жүз пайыз кепілдік бермейді. Бірақ екпе алғандар коронавирусты жеңіл түрде өткереді.

«Қазіргі таңда коронавирустың алдын алудың ең бір жолы – тек қана вакцина алу. Яғни, вакцина алған адамдар да ауырып жатыр деп көбісі күмәнмен сұрақ қояды. Ол өте жеңіл түрде өтеді. Ал, мүлдем ауырмайды емес, ол ауырады. Мысалы, тұмаудың вакцинасын алған кезде де  сол тұмаудың жеңіл түрімен ауырамыз ғой. Сол сияқты жеңіл түрде ауыруы мүмкін. Бұдан, яғни асқыну болмайды, екіншіден, өлім болмайды», – деді №10 қалалық емхананың дәрігер-иммунологы Майра Ерәліқызы.

Ал, жаһанды пандемия жайлағалы бері 5452 отандасымыз коронавирустан көз жұмды. Вакцина алудың маңызын, әсіресе, кеселдің құрбаны болған марқұмдардың жақындары жақсы түсінеді. Олардың бірі – Гүлнәр Құрасбаева індетпен өзі де ауырып, жақын туысынан айырылған.

«Сәуір айында қатты ауырдым өзім. Содан ауруханаға жатқызды. Сосын 3 ай өтті, бірінші вакцинасын алдым, енді 6-сына аламын келесісін. Ауырып қайтыс болды сіңілім де. Ода екіжақты пневомния болды тағы да. Сондықтан да алу керек деп ойлаймын», – деді қала тұрғыны Гүлнәр Құрасбаева.

Испания халқының жартысынан астамы, 25 миллион адам ковидтік екпенің 2-компонентін де алған. Вакциналау науқаны белсенді жүргізілгендіктен, осыдан бір ай бұрын испандықтарға ашық алаңдарда маска тақпауға рұқсат етілген еді. Ал, індет жұқтыру фактілерінің басым бөлігі вакцинаны кеш ала бастаған жастарға келеді екен. Айта кетейік, елде 30 жасқа дейінгі испандықтарды иммундау шарасы шілденің басында ғана қолға алынды.

«Халқымыз шынымен де вакцинаны тағатсыздана күтуде. Азаматтардың екпеге қатысты пікірі өте жақсы. Менің ойымша, біз вакциналауды үлкен жылдамдықпен жүргізіп келеміз», – деді Терраса қаласындағы вакциналау пунктінің жетекшісі Жоан Кастелло.

Бүгінде 680 мың 722 қала тұрғыны вакцина салдырған. Өткен тәулікте мұнда 2250 адам екпе алды. Ол үшін шаһарда 212 егу пункті жұмыс істеп тұр. Сондай-ақ, 1260 медицина қызметкерінен құралған 308 вакциналау бригадасы жұмылдырылған.

Сымбат Ноғай, Әрсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы