Қалада түрлі бағытта сауда және өнеркәсіппен айналысатын 123 мың кәсіпорын бар
Алматы бойынша бизнес саласындағы мамандардың 76 пайызы екпе салғызған. Жалпы көрсеткішпен айтсақ, бұл – 528 мың адам. Ал ауыр өнеркәсіптегі жағдай қалай? Қиын қызметте талап сақтағандар көп пе? Толығырақ Almaty.tv тілшісі тарқатады.
Алматыда түрлі бағытта сауда және өнеркәсіппен айналысатын 123 мың кәсіпорын бар. Ресми дерекке сүйенсек, мұндағы 695 мыңнан аса қызметкер екпе салғызуға жарамды. Әлдеқайда жоғары көрсеткіш – өнеркәсіп саласында. Бұл бағыттағы адамдардың 81%-ы денсаулығын вирустан сақтандырған.
Алматы көпір құрылымдары зауыты – қаладағы ірі кәсіпорындардың бірі. Ол «темір-бетон өнімдерінің жүрегі» саналады. Қазір мұнда жұмыс істейтін 520 қызметкердің 90%-ы вакцина салғызған. 24 сағат тыным таппайтын істе деннің саулығы – басты мәселе дейді мамандар.
«Бүгінгі таңда қызметкерлеріміздің басым көпшілігі вакцина салғызды. Көрсеткішті 100 пайызға жеткізуді жоспарлап отырмыз. Себебі, қала, облыс бойынша үздіксіз жүргізілетін жұмысымызда әртүрлі адамдармен байланысқа түсеміз. Ал мамандардың денсаулығы – жұмыстың негізгі күші екенін ұмытпау керек», – деді зауыттың өндіріс бойынша техникалық директорының міндетін атқарушы Сергей Сергутин.
Ал 1967 жылы негізі қаланып, бүгінде Алматыдағы ірі асфальт-бетон зауытына айналған бұл кәсіпорында 690 адам жұмыс істейді. «Қала мен облыс көлемінде жалпы 4 карьер іске қосылғандықтан, жұмыс та үздіксіз жалғасып отырады»,– дейді мамандар. Ал, 54 жылда елдегі жол инфрақұрылымының дамуына елеулі үлес қосқан зауыт қызметкерлері «Денсаулық – тікелей жұмысымызға әсер етеді. Сондықтан, өзіміз бен жақындарымыз үшін екпе алдық»,- деп отыр.
«Бүкіл ұжым бір қолдай боп бірігіп, вакцинаның екі кезеңінен өтті. Қала әкімдігі мен облыс әкімдігіне алғыс білдіреміз. Дер кезінде біздің мекемеге мобильді топ жіберіп, вакцинаны алысқа бармай, жұмыс орнында қабылдауға қолдау көрсеткені үшін», – деді автоматтандыру бөлімі басшысының орынбасары Айдар Өміров.
Айта кетейік, қаладағы өнеркәсіп саласында екпе салғызу көрсеткіші әлдеқайда жоғары. Саудада 83, ал кәсіпорындарда 81 пайыз адам вакцина салғызған. «Керісінше, төмен көрсеткіш ірілі-ұсақты 3 салада байқалып отыр», – деді дейді мамандар.
Мадина Оқас, Мұрат Тайжанов, «Алматы» телеарнасы