Алматыда бір тәулікте 7707 тұрғын вакцина алды

30.07.2021 03:43

Бұдан былай вакцинаның 1-компонентін ғана алғандар да «Ашық» пилоттық жобасында жасыл түсті мәртебеге ие болады

Бұдан былай вакцинаның 1-компонентін ғана алғандар да «Ашық» пилоттық жобасында жасыл түсті мәртебеге ие болады. Бұл туралы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрайымы Айжан Есмағамбетова брифингте мәлім етті. Комитет төраймының сөзінше, мұндай бастама, халық арасындағы вакциналану қарқынын арттырады.  Толығырақ Almaty.tv тілшісі Оразай Нұртай айтып берсін.

Медеу аудандық Халыққа қызмет көрсету орталығының бас маманы Лаура Дауылбай вакцинаның бірінші компонентін 1 шілде, ал екіншісін 26 шілде күні салдырған. Көпшіліктің табаны көп тиетін жердің бірі дәл осы қызмет көрсету орны болғандықтан халықпен тікелей жұмыс істейтін барлық маман вакциналанды. Сондықтан Лаура Дауылбай қазіргі таңда өзін қауіпсіз сезінеді.

«Вакцина алған мақсатым – өзімді сақтау және жанымда жүрген қызметкерлерді, қызмет алушыларды сақтау. Қазіргі таңда өзімді жақсы сезінемін. Біздің бөлім бойынша 79 маман, 79 маманның барлығы вакцина алған. Барлығымызда вакцина паспорты бар», – деді қалалық ХҚКО бас маманы Лаура Дауылбай.

Ал, жоғары санаттағы дәрігер Мереке Өмірбекқызы вакцина кеше пайда болған дүние емес, адамзат тарихынан белгілі түрлі ауруларды ауыздықтап келген ғылымның нәтижесі екенін еске салды. Сондай-ақ, әлі күнге дейін вакциналанбаған қала тұрғындарын екпе алуға шақырды.

«Алғашқы санитарлық көмек көрсететін пунктер, емханалар барлығы, дәрігерлер, медбикелер атсалысуда. Сондықтан әр азамат өзінің денсаулығын қорғау және қоршаған жақын адамдарын қорғау мақсатында міндетті түрде екпені алу керек», – деді жоғары санаттағы дәрігер Мереке Мустафина.

Соңғы мәлеметтер бойынша, қала бойынша бір тәулікте 7707 тұрғын вакцина алды. 2 ақпан мен 28 шілде аралығында екпенің бірінші компонентін 698 мың 418 адам алған. Ал, күні кеше Алматыға отандық QazVac вакцинасының 4995 дозасы жетті. Бүгінде шаһар бойынша медициналық ұйымдарда, мектептерде, мәдениет және спорт объектілерінде, сауда орталықтары мен базарларда 212 вакциналау пункті жұмыс істеп жатыр.

Оразай Нұртай, Айдана Нұраш, Сағындық Нарықов, «Алматы» арнасы