Коронавирус вакцинасын алу – індет жұқтырмауға жүз пайыз кепілдік бермейді, алайда...
Коронавирус вакцинасын алу – індет жұқтырмауға жүз пайыз кепілдік бермейді. Бірақ вакцина салдырғандар коронавирусты әлдеқайда жеңіл өткізеді. Науқастарға зерттеу жүргізген Эмори Университетінің инфекционистері осындай мәлімдемеге келді. Ғылыми жобаның нәтижесін өздеріңізге көрсетсек. Жоғарыда екпе салдырып, вирус жұқтырған адамның өкпесінің суреті. Төмендегі науқас болса вакцина алмаған. Өздеріңіз көріп тұрғандай, бірінші науқастың өкпесі таза. Ал, екіншісінде бұл органның басым бөлігі қабынған. Нәтижесінде екпе салдырмаған науқас індетке төтеп бере алмай, көз жұмыпты. Сондықтан дәрігерлер иммундау шарасын кейінге қалдырмауға шақырады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Вакциналаудың маңызын, әсіресе, кеселдің сұмдығын өз басынан өткергендер жақсы түсінеді. Алматылық Ғайша Қасенәлиева пандемияның белең алған кезінде вирус жұқтырып, біраз уақыт төсек тартып жатыпты. Сондай-ақ, індет әкесінің де өмірін жалмаған.
«Бір айдай ауырдым қызуым көтеріліп. Осы аурудан менің әкем де қайтыс болған былтыр. Сол кісіден кейін біз барлығымыз үй ішімізбен ауырып шықтық қой шілде айында. Қазір төңіректің барлығы ауырып жатыр ғой. Алған дұрыс деп ойлаймын вакцинаны», – деді қала тұрғыны Ғайша Қасенәлиева.
Ал, дәрігерлер қалаға дельта штаммының келуіне аса алаңдаулы. Өйткені коронавирустың бұл түрі жас талғамайды дейді. Ауру нәрестеден бастап егде жастағы тұрғындар арасында таралуда. Медицина ғылымдарының докторы Гаухар Құрманова ұжымдық иммунитет қалыптасыру арқылы ғана екпе алуға қарсы көрсетілімі бар жандарды қорғай аламыз дейді. Олардың қатарына балалар, жүкті әйелдер мен аллергиялық реакциялар мен созылмалы аурулары барлар кіреді.
«Инфекция өте жылдам бүкіл әлемді жаулап алды. Алдыңғы жылы желтоқсан айында ғана жаңа вирус түрі анықталса, ақпан айында дүниежүзілік пандемия жарияланды. Ал, коронавирустың штаммдары одан да тез тарап жатыр. Сондықтан вакцина алуға қарсы көрсетілім бар жандарды қорғау үшін екпе алуымыз қажет», – деді иммунолог Гаухар Құрманова.
Иммунолог вакцинаның тиімділігіне Ұлыбританиядағы эпидахуалдың жақсаруы дәлел дейді. Мәселен, Британ халқының 70%-дан астамы толық вакциналаудан өтсе, 88%-ы екпенің бірінші құрамдас бөлігін салдырған. Ал, елде соңғы бір аптаның өзінде короавирус жұқтыру көрсеткіші 15 пайызға төмендепті.
Айта кетейін, коронавирус вакцинаcын алған қазақстандықтардың саны 5 миллион 188 мыңнан асты. Ал, 3 миллион 357 мыңға жуық отандасымыз екпенің 2 бірдей компонентін алған.
Сымбат Ноғай, Әрсен Сандыбаев, Медет Саматұлы, «Алматы» телеарнасы