Бүгінде қала аумағында 205 вакцинация пункті жұмыс істейді
Соңғы бір тәулікте Алматыда 6530 адам вакцина алды. Ал екпе салдырғандардың жалпы саны шаһарда 162 мыңға жуықтады. Халықты жаппай вакцинациялау тұрақты түрде жүріп жатыр дейді дәрігерлер. Әсіресе екпе алып жатқан 60 жастан асқан қариялардың саны көп көрінеді. Толығырақ тілші Almaty.tv тілшісі тарқатады.
Кенжехан базарында орналасқан мына вакцинация пунктіне күніне шамамен 20-30 адам келеді дейді мамандар. Пунктің дәл базарда орналасуы әсіресе саудагерлер мен осында жұмыс істейтін адамдар үшін өте ыңғайлы.
«Өзім осы жерде істегеннен кейін осы жерде салдырамыз деп шештік жұмыстағылармен. Бәрі ойдағыдай өтті. Әлсіздік, бас ауруы болмады», – деді базар қызметкері Ермек Әлімқазы.
«Жақсы сезініп тұрмын өзімді. Өз еркіммен келдім, шынында. Ешкім мәжбүрлеген жоқ», – деді базар қала тұрғыны Маратбек Исмаило.в
Екпе алуға келгендердің қатарында жасы 70-ке таяған Тоқтасын Қыдырмоллаұлы да бар. Ол былтыр коронавируспен екі ай арпалыстық дейді. Тек қана өзі емес тажал вирустың зардабын жанұясы да тартыпты. Бүгін қария екпе алып, алған әсерін бөлісті.
«Жаңа вакцина алдым, ешқандай кері әсер жасаған жоқ, міне, жарым сағатқа таяп қалды. Он жылдан бері қант диабетімен ауырып келемін. Инсулин аламын әр күні екі рет. Соған қарамастан қазіргі жағдайым жақсы», – деді қала тұрғыны Тоқтасын Қыдырмоллаұлы.
Үш аптаға жуық уақыттың ішінде мұнда 200-ден аса адам екпе салдырып үлгерген. Дәргерлердің сөзінше, жүкті, емізулі баласы бар әйелдерге, анамнезінде аллергиясы бар азаматтарға уақытша салынбайды.
«Ал созылмалы аурулары бар науқастар, қант диабеті, жүрек аурулары мен артериалды қан қысымы көтерілетін науқастарды тексеріп болып, егер қары көрсеткіштері болмаса ғана саламыз», – деді №25 қалалық емхананың бөлім меңгерушісі Баян Қалиева.
Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің емханасында да егу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Мұнда да екпе алғандар саны 300-ге таяп қалған.
«Дәрігерлердің қарауынан өттім, бәрі ойдағыдай деген соң екпе алдым. Басқа азаматтарды да вакцина жасауға шақырамын. Өзіңе де өзгеге де зиян тигізбей үшін керек қой», – деді қала тұрғыны Александр Яковлев.
«Үлкен кісілердің көбісі емес бәрі дерлік ешкімде кері эффектісі болған жоқ. Үлкен кісілердің бәрі жақсы алып жатыр. Бірінші кезеңі бітіп, екіншісін алып жатқандар бар», – деді қалалық ҰОС ардагерлері емханасының бөлім меңгерушісі Үміткүл Дайымбаева.
Бүгінде қала аумағында 205 вакцинация пункті жұмыс істейді. 406 бригада яғни 1900-ге жуық медицина қызметкерлері жұмылдырылған. Айта кетсек, кеше екпенің 7-і траншы яғни 34900 доза алынып, үлестірілген.
Назкен Еркін, Медет Саматұлы, Дамир Анитов, Рашид Шүкірәлиев, «Алматы» арнасы