Екпе алғанда бұлай қатты ауырмас едім – дерттен аман қалған алматылық қария

20.08.2021 02:57

Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен мүгедектеріне арналған республикалық клиникалық госпиталь 5-мәрте науқастарды қайта қабылдап жатыр

Almaty.tv

Алматыда коронавирус жұқтырғандар санының күрт өсуі қосымша ковидтік стационарлардың ашылуына түрткі болды. Бүгінде осындай ауруханалардың бірі –  Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен мүгедектеріне арналған республикалық клиникалық госпиталь 5-мәрте науқастарды қайта қабылдап жатыр. Қазір онда 100 төсек орын жасақталған, деп хабарлайды Almaty.tv.

Арызгүл Рүстемқызы коронавирус жұқтырғанына қарамастан, алғашқы 6 тәулікте үйде ем қабылдағанын айтады. Алайда жағдайы нашарлап, ауруханадан бір-ақ шыққан. Өте ауыр халде түскен қарияның өкпесі 12 пайызға зақымданып, жан сақтау бөліміне жатқызылыпты. Онымен қоса, науқаста созылмалы бронхы ауруының болуы вакцина алуға кедергі болса керек. Дерттен аман қалған әжей екпе алғанда бұлай қатты ауырмас едім дейді.

«Мен жансақтау бөлімінде 3 күн жаттым. Өте қатты қорықтым. Бар ойым «үйіме қайтамын ба, қайтпаймын ба» деп, сан-саққа кетті. Сол кезде науқастарға қарап, қатты қиналғанын көріп, жаға ұстадым. Осылай өлім аузында жатқандарды емдеп-жазу дәрігерлердің үлкен еңбегі екеніне көзім жетті», – деді науқас Арызгүл Үсенова.

Бүгінде Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен мүгедектеріне арналған Республикалық клиникалық госпиталь коронавирус жұқтынғандарды қабылдау үшін 5-мәрте қайта жасақталған. Әсіресе, қариялардың вирусқа көп шалдығуына екпе алуына қарсы көрсеткіштің болуы себеп, дейді дәрігерлер. Ал, қала бойынша тек 60 жастан асқан 109 203 қарт кісі ғана екпе салдырған.  

«Вакцина алған жоқпын. Мен 74 жастамын. Оның үстіне менде созылмалы аурулар көп.  Алғаш ауырғанда менің тамағымнан ұстап, дене қызуым көтеріліп, екі күн қатты ауырдым. Кейін үйде 6 күн система алып, ол да болмағаннан кейін, қайтадан қайталанғаннан кейін жедел жәрдем шақырып, ауруханаға жаттым», – деді науқас Айсапа Жексенбекова.

Дәрігерлердің айтуынша, науқастар бастапқыда өкпесі 50 пайызға дейін зақымданған күйде түседі. Алайда, қайта компьютерлік томография жасағанда 70 пайызды көрсетеді екен. Осы ретте, мамандар иммундық жүйені нығайту үшін екпе алу қажет дейді.  

«Көбісі орта деңгейде түседі. Бірақ ауруы асқынып, вирус мутацияға ұшырауына байланысты адамның жағдайы нашарлап қалады. Соған байланысты біз жан сақтау бөлімін аштық. Ал, вакцина қабылдаған адамдардың жағдайы нашарлауы болған жоқ», – деді ҰОС мүгедектеріне арналған республикалық клиникалық госпитальдің бас дәрігері Дамир Дәулетбаев.

Бүгінде бұл госпидальде 138 медицина қызметкері жұмыс жасайды. Мамандар COVID-19 жұқтырғандарды емдеп, оңалту үшін арнайы курстардан да өткен. Коронавирусқа шалдыққандардан бөлек, жыл сайын мұнда 3000-мыңға жуық соғыс ардагерлері ем алады.  

Аяулым Көлжігіт, Сағынғали Мұңайтпасов, «Алматы» телеарнасы