Ол Димаш жайлы, Алматы жайлы ойын бөлісті
23 қыркүйекте Алматы қаласында Димаш Құдайбергеннің "Stranger" атты жеке концерті өткен болатын. Концертті тамашалау үшін әлемнің 68 елінен Димаштың жанкүйерлері келді. Солардың бірі, Жапониядан келген Наоко Курасаки "Алматы" телеарнасының "Таңғы Studio" бағдарламасында қонақ болып, концерттен алған әсерін, Димаштың өнері және Алматы қаласы жайлы ойын бөлісті.
Наоко 2018 жылдың 10 қазанынан бері Димаштың жанкүйері екен.
"Мен Димашты "S.O.S" әні арқылы таныдым. Оның жоғары нотаны алып, одан кейін бірден төмен нотаға түсе алатыны мені қатты таңғалдырды", - деп Димашты алғаш тыңдаған кездегі әсерін бөлісті ол.
Наоко Димаштың репертуарындағы "Ave Maria", жақында шыққан "The Story of One Sky" әндерін сүйіп тыңдайтынын айтты.
Димаш 2019 жылы Жапониядағы ABU TV ән фестивалінде өнер көрсеткен болатын. Наоко тікелей эфирді пайдаланып, Димашқа сәлем жолдап, оның Жапонияға жиі келіп тұруын өтінді.
"Димашты жапон арналарында екі-үш рет көрсетті. Жапон халқының Димашты мейлінше кеңірек танығанын қалаймын, сондықтан да Жапонияға жиі келіп тұрса екен", - деп тілегін білдірді ол.
Оның айтуынша, Димаш барлық концертінде жанын салады. Осы концерт те мінсіз өтті.
"Әлем Элвис Пресли, Майкл Джексон, Queen секілді көптеген керемет әншілерді таныды, дегенмен де Димаштың орны бөлек. Ол әлемдегі ең керемет әнші деп сенімді түрде айта аламын", - дейді Наоко.
Ол Қазақстанға алғаш рет 2019 жылы келген екен. Сол кезде Астана, Ақтөбе және Алматы қалаларында болып үлгеріпті. Наоко осылардың ішінде ең қатты ұнағаны Алматы қаласы екенін айтып өтті.
"Қазақстанға алғаш рет осыдан үш жыл бұрын келген болатынмын. Ол кезде Астана, Димаштың туған жері Ақтөбе және Алматыда болған едім. Ең ұнаған қала - Алматы. Басында қар жатқан таулар, әдемі гүлдер, Алматының символына айналған алмалар жүрегімді жаулап алды", - деді Наоко.
Наокоға Алматының өзі ғана емес, тұрғындары да ұнаған көрінеді.
"Үш жыл бұрын келгенімде, қазақ халқы мені сондай жақсы қарсы алды. Қайда барсам да құрметтеп, сыйлап, жақсы ілтипат көрсетті. Жапон халқы мен қазақ халқының ұқсастығы да осы қонақжайлығында деп білемін", - деді ол.