Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында депутат Татьяна Савельева бұл құжат Парламент депутаттарының бастамасымен әзірленгенін айтты
Парламент Мәжілісінің қарауына «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кредит беру кезінде тәуекелдерді барынша азайту және қарыз алушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы енгізілді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында депутат Татьяна Савельева бұл құжат Парламент депутаттарының бастамасымен әзірленгенін айтты.
Заң жобасында несиелер бойынша мерзімі өткен берешегі болған жағдайда азаматтарға жаңа тұтынушылық несие беруге тыйым салу, 90 күн кешіктірілгеннен кейін барлық несие бойынша пайыздарды есептеуге тыйым салу, сондай-ақ банктер мен микроқаржы ұйымдарының коллекторлық агенттіктерге азаматтардың несиеcін сатуына шектеу енгізу қарастырылған.
Мұнымен қоса, аталған құжатта сатып алған қарыздарды реттеуге қатысты коллекторлық агенттіктердің міндетін енгізу, қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі нормативтік-құқықтық актісіне сәйкес банк несиесінің мерзімі мен сомасына және басқа да талаптарына шектеу белгілеу ескерілген.
«Жылу беру маусымында (күзде, қыста) кәмелетке толмаған балалары бар отбасыларды жалғыз баспанасынан шығаруға тыйым салу нормасы қарастырылған», - деді Т. Савельева.
Бұдан бөлек, заң жобасында әскери қызмет өткеру кезеңінде мерзімді әскери қызметшілерге қарыздар бойынша міндетті кейінге қалдыру талабы енгізілген.
Сонымен қатар заң жобасында ҚР Қылмыстық кодексі мен Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне түзетулер көзделген. Бұл ретте, жеке деректерді сату, абоненттік нөмірді ауыстыру және абоненттік нөмірді басқа тұлғаларға заңсыз бергені үшін қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікті белгілеу бөлігінде өзгерістер болады.
«Депутаттар бастамашылық еткен заң жобасы бойынша Үкіметтің қорытындысы 2023 жылғы 12 қарашада келіп түскен. Бастамалардың басым бөлігі қолдау тапты. Сонымен бірге кейбір тұжырымдамалық ұстанымдар бойынша, яғни коллекторлық компанияларға несие сатуға тыйым салу бағытында Үкімет баламалы ұстанымын жариялады. Онымен депутаттар келіспей отыр және осы норманы енгізу бойынша жұмыс топтарында жұмысын жалғастырады», - деді депутат.