Бұл туралы Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында айтылды
Елімізде жылдамдықты 60 км/сағ және одан жоғары шамада асырғандарға қатысты жаза күшейтілмек. Бұл туралы Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Жол жүрісі туралы» Заңына жекелеген көлік құралдары түрлерінің жүруін ұйымдастыру және жол қауіпсіздігін цифрландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын талқылау кезінде мәлім болды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Мәжілістің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің қорытындысына қарағанда, рұқсат етілген жылдамдықты асыратын адамдар үшін әкімшілік жауаптылықты белгілеуге, сондай-ақ қайталама құқық бұзу деректері үшін қосымша жауаптылық шараларын енгізу ескерілген.
Атап айтқанда, көлік құралдарының жылдамдығын рұқсат етілген жылдамдықтан 60 км/сағ және одан жоғары шамада асырғаны үшін 40 АЕК мөлшерінде айыппұл салуды көздейтін неғұрлым қатаң жауаптылық енгізу ұсынылған.