Алматының полиция департаментіне 1 аптаның ішінде тұрмыстық зорлық-зомбылық ісі бойынша 387 өтініш түскен. Бұл – «Тұрмыс» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында жүргізілген жұмыстың нәтижесі, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Соттың шешімімен отбасы тыныштығын бұзған 280 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы мегаполистегі дағдарыс орталықтарының бірінде өткен басқосуда айтылды. Жиында ана мен баланы қорғау, сондай-ақ отбасылық құндылықтарды насихаттау мәселесі талқыланды.
Евгения Курдаева – екі баланың анасы. 3 айдан бері дағдарыс орталығын паналап жүр. Келіншектің айтуынша, ол жолдасынан психологиялық қысым көріп келген.
– Мен мұнда 19 қарашада келдім. Үш ай болды, 3 жастағы және 10 айлық балам бар. Мен психологиялық тұрғыда қатты шаршадым. Соңғы ұрыс-керіс кезінде полиция қызметкерлерін шақырдым. Олар бірден өзіме қажет заттарды жинауды өтініп, мені алып кетті. Орталықта жағдайымыз жақсы. Бізге жан-жақты көмек көрсетіліп жатыр, – деді зардап шегуші Евгения Курдаева.
Орталықта тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен 10 келіншек бар. Онда психологтар, заңгерлер мен басқа да мамандар көмек көрсетеді. Медициналық жәрдемді де нәзік жандылар алыстан іздемейді.
Айта кетейік, бүгінде елімізде 41 дағдарыс орталығы жұмыс істейді, оның 14-і – мемлекеттік.
– Мұнда 6 айға дейін әлеуметтік арнайы қызметті ала алады. Стандартта бекітілген 8 түрлі арнайы әлеуметтік көмек бар. Әлеуметтік-психологиялық, заңгермен кездесу, еңбек терапиясы, мәдениет қызметкерлерінің кеңесі, медицина саласы қызметкерлерінің көмегі және әлеуметтік тұрмыс жағдайына байланысты қызмет түрін пайдаланады, – деді «Жан-сая» дағдарыс орталығының заңгері Гүлшара Сапарова.
Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу шараларын талқылау үшін бүгін дағдарыс орталығында дөңгелек үстел өтті. Онда Президент жанындағы Әйелдер істері жөніндегі ұлттық комиссия мүшелері, құқық қорғау органдарының өкілдері мен түрлі сала мамандары қатысып, ой бөлісті. Сондай-ақ басқосуда полиция департаменті өкілдері Ішкі істер министрлігінде құрылатын мамандандырылған дербес бөлімше жайлы айтып, атқаратын қызметі туралы мәлімет берді.
– Мамандандырылған қызметкерлер тек қана отбасыдағы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күреспен айналысатын болады. Ол бұрынғыдай құқық бұзушыны жауапқа тарту ғана емес, құқықбұзушылықтың себебі мен қандай іс-әрекетке барғанын, қалай болғанын анықтап, сол туындаған проблемаларды шешуге тырысады, – деді Полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары Айдын Елеусізов.
Мемлекет басшысы да «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында мұндай қылмыстардың алдын алып, жолын кесу үшін нақты шаралар қабылданып жатқанын айтқан. Сондай-ақ Президент «ішкі істер органдарында әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғаумен шұғылданатын мамандардың штаты қалпына келтіріліп, олардың құзыреті күшейді» деді.
Гүлмарал Изатқызы, Рашиддин Якупов, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Қазақстанда тұрмыстық-зорлық зомбылық үшін жазалауды қатаңдататын заң жобасы дайын