Елімізде қандай ведомстволар бәсекелестік туралы заңға бағынбайды

02.02.2024 01:34

Төрағаның айтуынша, жергілікті атқарушы органдар бәсекелестікті дамытуға мүдделі емес

Unsplash

Еліміздің Цифрлық даму, Өнеркәсіп және құрылыс ведомстволары бәсекелестік туралы заңға бағынбайды. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі тергеу жүргізіп, аталған министрліктердің белгілі бір субьектілерге басымдық бергенін анықтаған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Өткен жылы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі орталық мемлекеттік органдар арасында Қаржы, Денсаулық сақтау, Өнеркәсіп және құрылыс министрліктерінің қызметін тексерген. Бірнеше ведомствоның бәсекелестік туралы заңға бағынбағаны анықталған екен. Мәселен Цифрлық даму министрлігі ақпараттандыру объектілерін интеграциялау қағидаларында кемінде 100 мың пайдаланушының болуы туралы талапты белгілеу арқылы жаңа жобалар үшін «цифрлық құжаттар» сервисіне қолжетімділікті шектепті. Осыны анықтаған агенттік бұл норманы алып тастау туралы ұйғарым шығарған. Өнеркәсіп және құрылыс ведомствосының аукцион өткізбей, белгілі бір субьектіге артықшылық бергені әшкере болыпты.

– Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне қатысты бәсекелестікті шектеу және Жер қойнауы қорын мемлекеттік басқару бағдарламасына Жер қойнауы учаскелерін қосудан бас тарту және қол қою бонустарының жоғары мөлшерімен аукциондар өткізбеу арқылы белгілі бір нарық субъектісіне артықшылық беру фактісі бойынша тергеу аяқталды, – деді ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Марат Омаров.

Ал "Қазақстан теміржолы" жүк тасымалы мен мотор майын өндіруші компания арасындағы 624 миллион теңгеге жасалған келісім агенттіктің күдігін тудырған. Сөйтіп монополияға қарсы орган тергеу материалдарын Қаржы мониторингі агенттігіне жолдаған.

– Біздің ойымызша, "Қазақстан темір жолы" жүк тасымалы мотор майларын сату кезінде өзге жеткізушілерді кемсітіп, олардың май сатып алу ісіне қатысуына кедергі болған. Осылайша, аталған компания о баста белгілі бір субьектінің мүддесі үшін осындай әрекетке баруы мүмкін. Қазіргі уақытта тергеу нәтижелеріне қатысты жоғарыда атаған тарап сотқа жүгінді, демек, заңбұзушылыққа барған тарап сот шешімі заңды күшіне енгенше, кінәсіз деп саналады, – деді Марат Омаров.

Төрағаның айтуынша, жергілікті атқарушы органдар күнделікті міндеттерді шеше отырып, бәсекелестікті дамытуға мүдделі емес. Яғни жекешелендіру жоспарына енгізу жүргізіліп жатқан бәсекелестік саясатты есепке алмай, қалдық қағидат бойынша жүргізіледі. Марат Омаров «бәсекелестіктің дамуына және жеке бастаманың пайда болуына кедергі келтіреді, бұл сайып келгенде көрсетілетін қызметтердің сапасы мен құнына әсер етеді» дейді.

Өмір Серікбекұлы, Данияр Омар, Дастан Темірбекұлы, «Алматы» телеарнасы, Астана

Оқи отырыңыз: Елімізде шағын және орта бизнесті тексеруге мораторий аяқталды