Алматыда Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күні қарсаңында аудан әкімдері мен ақпарат саласының үздіктері марапатталды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Алматы әкімдігі мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметінің қалалық департаменті өткізген іс-шарада бірқатар құрметті азаматтар алғыс хат алды. Ақпараттық қолдау көрсеткені үшін «Алматы» телеарнасы ұжымының жұмысы да еленіп, марапатқа ие болды. Департамент басшысы жемқорлықтың алдын алуда ақпараттандырудың аса маңызды екенін атап өтті.
– Сыбайлас жемқорлықтан келетін қатерді тежеудің тағы бір әдісі - ішкі тексерістерді күшейту, дер кезінде дұрыс ақпараттандыру. Әр мекеме қызметкерлері арасында жүргізілетін мониторинг жұмыстары да оң нәтижесін көрсететінін байқадық. Алдағы уақытта да қарқынды жұмыс жалғасады, – деді ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі алматы қаласы департаментінің басшысы Арман Рахымов.
Айта кеткен жөн, іс-шарада жыл соңына дейін жүргізілген ауқымды жұмыстардың нәтижесі айтылды. Мәселен құзырлы орган өкілдері қалалық қоғамдық кеңес мүшелерімен бірге 1 жылдың ішінде 5 мониторинг өткізген.
– Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан бастап, жемқорлықпен күресе бастадық. Тек жемқорлыққа қарсы мемлекеттік орган ғана емес, қоғам ретінде бәріміз атсалысуымыз керек. БАҚ өкілдері мәселені ашық айтуы тиіс, – деді қалалық қоғамдық кеңестің мүшесі Бақтияр Камалұлы.
Оқи отырыңыз: Қазақстан Үкіметі мен ArcelorMittal арасындағы келіссөздер сәтті аяқталды