Абай облысында 2023 жылы хабар-ошарсыз кеткен азаматқа қатысты қылмыстың беті ашылды. Басқа қылмысы үшін жазасын өтеп жатқан күдікті істі мойындап, марқұмның денесін жасырған жерді көрсеткен. Қылмыстық іс сотқа жолданды, деп хабарлайды Almaty TV.
2023 жылдың қыркүйегінде үйінен жұмыс іздеп шыққан азамат сол күйі оралмаған. Оны іздеу жұмыстары сол кезде басталғанымен, іс үш жылдан кейін ғана ашылды. Құқық қорғау органдарының мәліметінше, күдікті басқа қылмысы үшін түрмеде жазасын өтеп жатқан кезде анықталған.
Ол жоғалып кеткен азаматқа қатысты қылмыс жасағанын мойындап, марқұмның денесін жасырған орынды көрсеткен.
«Қазіргі уақытта айыптау актісі бар қылмыстық іс сотқа жолданды. Ішкі істер министрлігі бұл бағыттағы жұмысты одан әрі жалғастырады. Әрбір қылмысқа құқықтық баға беріліп, кінәлілер заң алдында жауап беруі тиіс. Жазаның бұлтартпастығы қағидаты ішкі істер органдары қызметінің басты басымдықтарының бірі болып қала береді», – деді ҚР ІІМ баспасөз хатшысы Шұғыла Тұрлыбек.