Заңсыз ойын бизнесін насихаттау: Маха.dxb атты блогер халықаралық іздеуге жарияланды

10.08.2026 11:03

Заңсыз схемаға отыздан астам блогер тартылған

Қаржылық мониторинг агенттігі әлеуметтік желіде «Маха.dxb» бүркеншік атымен танымал Өзбекстан Республикасының азаматы Хикматов Махмуд Умидовичке халықаралық іздеу жариялады. Сот шешімімен оған қатысты «қамауда ұстау» бұлтартпау шарасы санкцияланды, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Ведомствоның мәліметінше, іздеудегі азамат заңсыз ойын бизнесін насихаттады деген күдікке ілініп отыр. Қазақстан аумағында интернет-казино интерфейсін ұсыну, эквайринг, мобильді коммерция және криптовалюта арқылы қаражат қабылдау мен төлеу, сондай-ақ отандық пайдаланушыларды заңсыз ойындарға тарту бойынша жүйелі схема жұмыс істеген.

Ұйымдастырушылар интернет-казиноны жылжыту үшін блогер Хикматовты тартқан. Оған Қазақстанда жұмыс істейтін инфлюенсерлерді табу және жарнамалық контент орналастыру міндеті жүктелген. Хикматов блогерлердің әлеуметтік желідегі статистикасы мен аудитория қамтуын зерттеп, жарнама құнын белгілеп отырған. Заңсыз схемаға отыздан астам блогер, соның ішінде жақында Вьетнамнан экстрадицияланған блогер Қамза Қ. тартылған. Ол рефералдық сілтемелер орналастырып, әрбір өткен пайдаланушы үшін сыйақы алып отырған.

Агенттік іздеудегі тұлғаның орналасқан жері туралы қандай да бір ақпарат білетін азаматтардан Қаржылық мониторинг агенттігінің кезекші бөліміне хабарласуды сұрайды. Анонимдік пен сыйақы төлеуге кепілдік беріледі.

Толық көрсету